11 мам, 2023 сағат 12:50

Абылай Мырзахметов уақытша ұстау изоляторына қамалды - Антикор

коллаж: Halyq Uni

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атамекен» ҰКП экс-төрағасы Абылай Мырзахметов ісіне қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 мамырда Антикоррупциялық қызмет «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовті ұстаған.

Ол алаяқтық жасады және кәсіпкерді туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектескені үшін аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді.

Күдікті Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

"ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі" - делінген хабарламада.


Еске салайық, Абылай Мырзахметов 2013 жылдан бері "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы, оған дейін 2007 жылдан "Атамекен" одағы Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарған. Ол 2022 жылғы ақпанда қызметінен кеткен.