Фото: Shutterstock
Ұлыбританияның білім министрі Джиллиан Киган Англия мектептерінде ұялы телефон ұстауға тыйым салуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл шаралар деструктивті мінез-құлық және онлайн буллингпен күресуге ықпал етеді, сонымен қатар оқушылардың зейінін арттыруға мүмкіндік береді» делінген Ұлыбританияның білім министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Ұялы телефонды күні бойғы оқу барысында, тіпті үзіліс кезінде де пайдалануға тыйым салу ұсынылып отыр.
Егер мектеп бұл талапты орындамаса, үкімет болашақта міндеттелетін заңнамалық актіні қабылдау жағын қарастырады.
Британ білім ведомствосы бұған дейін Франция, Италия және Португалия мектептерінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынғанын, ал БҰҰ мектепте смартфон пайдаланудың қаупі туралы ескерткенін атап өтті.
Британ үкіметінің мәліметі бойынша, Англиядағы мектеп оқушыларының шамамен үштен бірі (29%) сабақ барысында ұялы телефон пайдаланады.