15 мау, 2022 сағат 20:15

Алматыдағы оқиғаға жеңіл-желпі қарауға болмайды - Тоқаев

© AP Photo / Vladimir Tretyakov

Қаңтар оқиғасына қатысқан кейбір адамдарды қаһармандардың қатарына қосудың қажеті жоқ. Бұл туралы "Россия 24" телеарнасына сұхбат берген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Алматыдағы оқиғаға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ал адам өлтірген, дүкен тонаған және мемлекет құрылымына қарсы шыққан адамдарды ұлттық қаһармандардың қатарына қосудың қажеті жоқ. Дегенмен біз рақымшылық танытып, ұсталған кейбір адамдарды туған-туыстарының өтініші бойынша босатып жатырмыз", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы уақытқа дейін 26 адам ғана бас бостандығынан айырылған. Басқа қылмыстық істер тергеліп жатыр. Оны қысқа уақыттың ішінде қарап шығу мүмкін емес.

"Мен жас әскерилерді қатты аяймын. Оларды өлгенше сабаған, тыр жалаңаш етіп шешіндірген де, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасау кезінде тірі қалқан ретінде пайдаланған. Полицейлерді де қатты аяймын. Олар барынша ұстамды болуға тырысты. Иә, басында бейбіт халық көшеге шыққан. Алайда артынан бандиттер, террористер келді. Сол кезде өте көп полицей зардап шекті", - деп атап өтті Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы тергеу кезінде қызмет бабын асыра пайдаланған полицейлердің жауапқа тартылғанын айта кетті.