20 жел, 2023 сағат 22:23

Алматыда подкаст туралы алғашқы кітаптың тұсаукесері өтті


Алматыда подкаст туралы алғашқы кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тәжірибелі подкастерлер Бақытгүл Салыхова мен Әйнел Әмірхан қалың көпшілікке Alqa Publishing баспа үйімен бірлесе шығарған подкаст саласы туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітапты ұсынды. Кітап «Атың шықпаса, подкаст жаса: пайдалы подкаст жасау шеберханасы» деп аталады. 

«Подкаст - дүние жүзінде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазақстан да бұл көштен қалып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы бірнеше жыл подкастерлердің қатары артып келеді. Бірақ өзім подкаст саласына 2019 жылы келгенде ақпаратты тірнектеп жинауға тура келгені есімде. Кітаптар да тек ағылшын, орыс тілдерінде болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, әрі салаға келіп жатқан мамандарға, қызығушылық танытқан адамдарға пайдалы болсын деген ниетпен Бақытгүл екеуімізде осы кітапты жазу идеясы туындады», - дейді кітап авторларының бірі, OY-DETOX подкастының жүргізушісі Әйнел Әмірхан.


«Кітап жазу барысында «подкаст» сөзімен подкаст емес нәрселерді атау проблемасына кезіктік. Сұхбат, әңгіме форматындағы көптеген YouTube жобаларды подкаст деп атау сәнге айналды, бірақ олар арнайы подкаст платформаларында аудио форматында жарияланбағандықтан, подкаст бола алмайды. Жаңа сөздерге, терминдерге мұқият болып, мағынасын түсініп, өзін де, өзгелерді де шатыстырмау маңызды. Осы ретте, кітабымыз подкаст бастап кетуіңізге көмек беріп қана қоймай, ағартушылық қызмет те атқарады», - деп жалғайды кітап соавторы Бақытгүл Салыхова. 

Кітапта Қазақстандағы подкаст саласының дамуы, подкаст тақырыптары мен форматтары, тыңдаушылар қызығушылығы, саланың болашағы сынды сұрақтар қамтылған. Ашық ақпарат көздеріндегі подкастарға талдау жасалып, еліміздегі подкастардың классификациясы ұсынылған. 

«Жылдан жылға қазақ тілінде шығатын кітаптардың саны артып келеді. Шетел әдебиеті, шетел оқулықтарын қазақ тіліне аудару бір ізге қойылды. Бірақ бізге отандық контекстке, қандай да бір сала туралы зерттеуге негізделген жергілікті авторлардың жұмыстарына назар салу керек. Алқа баспасы әйел зерттеуші, жазушыларға басымдық беретіндіктен осы кітапқа қуана басып шығардық», - дейді Alqa Publishing баспасының бас редакторы Баян Хасанова.

Кітап сатылымға шықты, оны Alqa Publishing баспа үйінен және Меломан дүкендерінен таба аласыздар.