Фото: Polisia.kz
Алматыда бірқатар пәтер ұрлығына қатысы бар, бұрын істі болған азаматтар қылмыс үстінде қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оңай олжаға кенелгісі кеп тұрғындардың пәтерлерін тонап жүрген қылмыстық топты жедел уәкілдер ұстады. Арнайы операция түнгі сағат бірде Демьян Бедный көшесінің бойында жүргізілген.
"Еліміздің әр өңірінен келген 33 және 29 жастағы бес азамат құрықталды. Олардың 4-і бұрын бірнеше рет тонау, зорлау, адам ұрлау, бұзақылық, көлік ұрлығы сияқты ауыр қылмыстар жасағаны үшін істі болғандары белгілі болды. Алдын ала анықталғандай, жедел және арнайы іс-шаралар барысында аталған бестік енді пәтер тонауға көшкен сыңайлы. Олар кезекті тұрғын үйді тонау барысында қолға түсті. Қолды болған заттар айғақ ретінде тәркіленді. Аталған қылмыстық топ ішінде ұрлаған заттарды сатып алушы да болуы мүмкін. Мұның барлығы тергеу амалдары барысында анықталатын болады", – деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
ПБ бастығының мәліметінше, бұл топ соңғы рет Алатау ауданы Байжанов көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйді тонаған. Бүгінгі күні олардың кем дегенде 5 үйді тонағандары белгілі болды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды. ҚР Қонституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқықбұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.