Әлеуметтік теңсіздік әфсанасы хақында
Жоғарыда айтылғандарға байланысты қазақ елінде бай-кедей жіктерінің болмағанын айтамыз. Қазақ тұрмысында орын алған жік – бай-қараша.
Біріншіден, тақырыптың мән-жайын ашу үшін жарлы мен жалшы сөздеріне түсінік беріп алайық. Өкінішке қарай, «Қазақша этимологиялық сөздікте» екі сөз де кездеспейді. Алайда, О. Сүлейменовтың «Атамзаманғы түріктер» кітабындағы «кощей сөзінің қырғыздың кошчы – «серіктес», «жалшы», «еріп жүруші» және тіпті «батрак» сөзінен шыққан деген болжам айтады» сөйлемі - «жалшы» – серіктес, еріп жүруші деген мәнге екенін көрсетеді. Демек, жалшы деп жорықтан жеңімпаз батырға еріп келген құлды айтамыз. «Жарлы» сөзін «жарты», яғни «құқығы жоқ» деген баламада деп алсақ, оның да мағынасы түсінікті болмақ.
Демократияшыл қоғамда өмір сүрген қазақта («Өткен ғасырда, одан бұрынғы ғасырларда Қазақ даласында, Қазақ сахарасында болған заңдар (халықтың өз мүддесі тудырған заңдар), тәртіптер, әділ биліктер туралы аңыз-әңгімелер сериясын жазуға әбден болады. Мұндай аңыз-әңгіме, көпшілікке ұнауы өз алдына, сол заманның демократиялық болмысын танытса керек» (Ақселеу Сейдімбектің күнделігінен)) жарлы атауы тектен-текке берілген болмас. Себебін анықтау үшін қазақ жұртының экономикалық және әкімшілік-бөліністік жағдайына мән берейік. «Көпшілік ойлағандай қазақ өоғамында жекеменшік болған жоқ. Өйткені қазақ үшін экономиканың негізі, құраушысы – мал, жайылым, су көзі болса, осы үшеуі рудың меншігінде болды.
Ру – қандас туыстардан тұрғанымен экономикалық қажеттіліктерге бағынышты болды. Мал бағу үшін белгілі көлемде (шөбінің құнарлылығы мен жеткіліктілігіне сай) жайылым керек. Сол жайылымдағы мал мен ру мүшелерін асырау үшін адам саны да шектеулі болуы тиіс. Дәстүрлі қазақ ауылы негізінен 20-50 жанұядан тұрды. Одан арта бастағанда әлгі ру кіші руға бөлінуі керек, яғни қазақ тілімен айтсақ, балалар енші алып, басқа жерден жайылым алып, жаңа ауыл құруы тиіс [Алып қашқан қыздың айыбын жалғыз Ақан емес, оның әкесі мен бауырлары төлегендіктен Ақан ауылы деп айтқаныма мән беріңіз-авт]. Ал рудың ішкі құрылымы да біртекті емес. Рудың ішінде байы, биі, батыры, «қаралары» болады» (С. Қондыбай, Ру сырыңа үңілсек).
Серікбол ағаның айтқанынан байқайтынымыз: біріншіден, ру қауымдастығы – жер мен мал ортақ меншіктегі жақын туыстас ағайындар, төрт-бес атадан аспайды, яғни жарлылар сирек кездеседі, екіншіден «қараны» анықтау үшін туыстас ағайындардың ішінен шыққан «байларға» мән беру керек. «Сапаққа жиырма мың жылқы біткен екен. Ел аузындағы кейбір дерекке сүйенсек, отыз-қырық мыңға жуық жылқысы болған деседі», «... алтай руынан шыққан Сейдалы деген жігітке 40 мың жылқы бітіпті деген сөз бар», «найман ішінде қызай елінің Еркінбек Жайырбекұлы деген кісінің 15 мың жылқысы болыпты. Бұл – 1930-ға дейін болған кісілер» (Қ. Бегманов, Этнографпен әңгіме) деректері рас болса, онда бай-қара деп бөлгеніміз дұрыс. Сонда «Қараша» малдың саны мыңдап есептелетін дәулеттілермен сайғандағы салыстырмалы түрдегі атауы. Сонда бай мен кедей қайдан шықты? Жауабы: 1640 жылы Гурьев, 1716 жылы Омбы, Жәміш бекіністері салына бастаған кезден бастап қазақ «кедейлене» бастады. Малы – жанының садағасы қазақтың жайылымының тарылуы, жерінен айырылуы – қазақты кедейлендірді.
«Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды-артын
Қоршап бір алған кеуір бар,
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла!»
Бұқар жыраудан артық кім айтар?! Он сегізінші ғасырдан бастау алған Ресей отаршылдығы кейінгі ғасырларда қазақ халқының тұрмысын бас көтерместей жерге қадап түсірді. «Түгім жоқ деген бір қазаққа Виктор [санақ жүргізуші] реестрді көрсетіп: «Жазбада 80 [малдың саны - авт] деп көрсетілсе, сенде қалай түк болмағаны?» деп сұрағанда «Сен тумай тұрғанда менде 80 емес, қаласаң 400 болған. Ал бүгін менде мына ит пен сүйеніп тұрған таяғымнан басқа ештеңе жоқ» деп күрсіңіп жауап берді қазақ» деп жазады өз жазбаларында Адольф Янушкевич. Поляк ғалымының күнделік және жазбаларын оқи отырып, қазақтың қалай кедей халге түскенін елестетуге болады: ««Сан» деп аталатын алғашқы санақтар туралы оқиғаларды естігенде жүрегім қалай ауырды десеңізші! Проконсулдардың әрқайсысысы дерлік өзіне берілген жұмысты тұрмысын жақсартудың амалы ретінде көрген сынды. Казактармен бірге келіп, елдімекендердің барлығына қорқыныш тудырған. Оның бұйрығы бойынша көштен 150 және одан артық верст қашықтағы жерге табындар мен отарлардың барлығы жиналған. Жолдардан күтпеген жорықтың іздері білінеді: лақтырылып тасталған биелер мен ірі қара мал, түйе, қой. Бәрі бір жерге тығыздалғандықтан, әрі азық пен судың жетіспеушілігінен малдың саны күрт азайған. Шенеунік мырза өлі малды тірі қылып тіркемеуі үшін төлем де сұраған. Қазақтардың [түпнұсқада қырғыздардың] көзінше басқа дерек жазса, Приказға келген соң мүлдем басқа сандарды көрсеткен.
Бұдан бөлек, ол мырзаны құрметтеп-күтудің өзі неге тұрған десеңші! Асүйге келген қойларды семіздігінен емес, терісі үшін де бракқа шығарған. Қалай болғанда да ultima ratio (соңғы шешуші себепті) үлкен рөлін қарашаға ғана емес, волост басқарушысы мен старшындарға да тиетін қамшы ойнады». «ХХ ғ. бас кезінде Қазақстандағы және басқа елдегі қазақтардың қолында жиырма миллионға жуық жылқысы болған» (Қ. Бегманов, Этнографпен әңгіме) қазақ 1921 және 1931 жылдары екі миллион азаматын алып кеткен аштыққа ұшырайды. КСРО-ның «теңдік» ұранының жапсырмасындағы кедейлендірудің срңғы нүктесі 1928 жылы жүзеге асқан байлардың малдарын тәркілеу туралы заңы болса керек. Жеңімпаздар тарихты ғана емес, тапсырыспен әдебиетті де жазған сияқты. Әсіресе өмірбаяндағы «кедей отбасынан шыққан» тіркесін жазуға көп септігін тигізген сыңайлы.
«Бақытсыз Жамалмен» басталған әлеуметтік теңсіздік әфсанасы бір ғасырдан соң өз ақиқатын тапқаны жөн. Міржақыптар бастаған Алашшылдарды түрмеден босатуға кепілдік берген «надан» байлардың, мектеп, мешіт салдырған «надан» байлардың образын көкірегі ояу қазақ баласы ашып алған жөн.
Жалпы, Қазақ тұрмысының шетелмен салыстырғандағы төмендігі әфсанасы – оның техникалық өркендемеуі немесе шаруашылығындағы дамудың, оң өзгерістердің болмауымен де байланысты. Он төртінші ғасырда мал баққан қазақ он тоғызыншы ғасырда мал бақты. Еуропоцентризм жайлаған әлем ғылыми ашуларды бірінен соң бірі ашқанда, қазақтың өз парасаттылығы мен ғылымын дәлелдейтін жазу әдебиетінің болмауы мәселені тіптен қиындатып жіберді. Ал шаруашылықтың дамымау себебін - «Оғыздарда техника дамуының идеясы орын алған жоқ, шаруашылығы да шектеулі етін. Оны табиғатпен керемет үйлесімділік тапқаны себепті қажеттіліктің туындамауымен түсіндіреміз» (Л.Н. Гумилев, Қара әфсана). Қазақ ғылымының болмауы да – әфсана. Ол әфсананың парша-паршасын шығару қиын емес. Алайда жоғарғы дәрежедегі жалпы қолданыстағы қазақ ғылымы – мүлде бөлек мақала.
Балажан Мұнар