04 қаз, 2019 сағат 13:23

Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі өзгертілмейді – Сапарбаев

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі өзгертілмейтінін және жыл соңына дейін барлық өңірлер бұған дайын болуы тіистігін тапсырды. Бұл туралы ол Қарағанды облысында өткен кеңес барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қарағандыда вице-премьер бірқатар медициналық нысандарды аралап, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің, облыстар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері орынбасарларының қатысуымен кеңес өткізді.

Талқыға салынған негізгі тақырып өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың мәртебесін өзектендіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шеңберінде сақтандыру аударымдарының уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мәселелері болды. «Ең бастысы – халықтың мәртебесін өзектендіру. Бізде жақсы тәжірибе бар. Алайда, кемшіліктерді де жасыруға болмайды. Жыл соңына дейін мәртебесі әлі анықталмаған барлық адамдарды қамту керек. Әрбір қазақстандық бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмекті қалай ала алатынын білуі тиіс. Төлемдердің уақтылы жасалатынына қатысты тоқталар болсақ, бұл мәселені де шешу қажет. Салық органдары салықты және міндетті әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде МӘМС төлеуді бақылауды және жұмысты күшейтуі тиіс. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС іске қосу бойынша Елбасы мен Президенттің тапсырмалары бар. Мерзімдер ауыстырылмайды. Барлық өңірлер жыл соңына дейін дайын болуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Премьер орынбасары атап өткендей, медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жоғары. Қарағанды облысында МӘМС-ті апробациялаудың алғашқы айы аяқталды. Ол Денсаулық сақтау жүйесі келесі жылдан бастап медициналық сақтандыруды бүкіл ел бойынша енгізуге дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар МӘМС жүйесіне қолдау ретінде денсаулық сақтау жүйесінің ардагерлері, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Байгенжин және бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев өз пікірлерін білдірді. «Әлемдегі бірде-бір мемлекет, тіпті ең бай мемлекет өз азаматтарының денсаулығы үшін қаржылық жауапкершілік ауыртпалығын көтере алмайды. Біздің санамызға Кеңес заманынан бері мемлекет медициналық қызметтерді төлеуге, қымбат оталарды тегін жүргізуге, дәрі-дәрмектерді тегін беруге тиіс деген пікір берік орнап қалған. МӘМС адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Азаматтар өздерінің денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс. МӘМС енгізу денсаулық сақтау саласын ресурстық қамтамасыз етуді айтарлықтай арттыруға, медициналық мекемелер мен қызметкерлердің экономикалық қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, денсаулық сақтауды барынша икемді және тиімді қаржыландыруға жол ашады», - деп есептейді Абай Байгенжин. Кеңес қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, халықтың мәртебесін өзектендіру және халықты ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

«Мирас» клиникасының жұмысымен танысу барысында вице-премьер цифрландыру жүйесінің енгізілуімен, медициналық қызметтердің сапасымен, сондай-ақ клиника қызметкерлерін қаржылық қамтамасыз ету деңгейімен танысты. «Мирас» клиникасы осы жылдың қаңтарында МЖӘ аясында ашылған болатын. Қазір мекемеге 20 100 адам тіркелген, оның 7 900 – балалар. Оған тәулігіне 250 пациент қатысады. Оларды 32 дәрігер қабылдайды. Мекеме барлық қажетті заманауи жабдықтармен, оның ішінде гемодиализге арналған креслолармен жабдықталған. Бердібек Сапарбаев сондай-ақ «Life In» оңалту орталығында болды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар мен хирургиялық оталар жасалған науқастар амбулаторлық-қалпына келтіру емін алады. Орталықта 80-нен астам қызмет түрі көрсетіледі және 30 маман кеңес береді, оның ішінде ортопедтер, травматологтар, неврологтар, нейрохирург және психологтар. Сондай-ақ мұнда канис-терапия бағдарламасы бар. Жақын арада кішкентай пациенттерді иппотерапия арқылы емдеу үшін пони сатып алуды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысы пилоттық режимде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізген алғашқы өңір болып табылады. Бұл жүйе осы жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылды, ал еліміздің басқа өңірлерінде оны 2020 жылдың 1 қаңтарында ғана енгізетін болады. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында тұрғындарының 81% МӘМС жүйесіндегі мәртебесі анықталды.