Фото: depositphotos.com
Синоптиктер 11-13 қараша аралығында ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Таяу күндері Қазақстан аумағының басым бөлігінде кезекті атлантикалық циклон әсерінен жауын-шашынды, бұл ретте қараша үшін айтарлықтай жылы ауа райы күтіледі. Циклон батыстан шығысқа қарай жылжып, өз жолында жауын-шашын тудырады: түнде жаңбыр мен қар түрінде, күндіз негізінен жаңбыр түрінде, 11 қарашада солтүстік-батыста, 12 қарашада оңтүстікте, 13 қарашада республиканың оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр күтіледі, Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда да жауын-шашын (жаңбыр және қар) болады", - делінген хабарламада.
Болжам бойынша 12 қарашадан бастап антициклонның екпіні батысқа тарай бастайды, жауын-шашын тоқтап, күндізгі ауа температурасы 8-18 градус Цельсийге дейін көтеріледі деп күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі.