ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Дыбыс жазу, өнер және ғылым ұлттық академиясының Grammy сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкеновті марапатымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сізді Grammy сыйлығын жеңіп алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз аз ғана уақыт ішінде əлемдік музыка нарығында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, миллиондаған тыңдарманның ілтипатына бөленіп келе жатқан дарынды өнерпазсыз. Осынау мəртебелі марапат Сіздің музыкаға деген құштарлығыңыздың жемісі, тапқырлығыңызды паш еткен сəт деп білемін.
Алдағы уақытта да əн өнеріне деген талпынысыңыз артып, биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспін.
Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық қажымас қайрат, шығармашылық шабыт тілеймін!», - деп жазылған министрдің құттықтау хатында.
Еске салайық, қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды. Сыйлық жеңімпаздарын жариялау рәсімі 14 наурызда өтті.
Әлемге танымал болған павлодарлық диджей таяуда Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазды. Американың The New York Times газеті отандасымыз жайлы мақала да жарияланды.
Иманбек өткен жылдың желтоқсанына дейін жергілікті темір жол стансасында жұмыс істеген. 2019 жылдың жазында Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады. Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялайды. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды