07 мау, 2022 сағат 10:01

Ақтауда өлі табылған сарбаздың анасы жанайқайын айтты


Маңғыстау облысына әскерге кетіп, 4 маусымда әскери бөлімде өлі табылған мерзімді қызметтегі сарбаз Еділ Тешебаев кеше Түркістан облысында жер қойнына тапсырылды. Ресми нұсқа бойынша, сарбаз өзіне қол салған. Алайда туыстары бұған сенбей отыр. Еділ өлімі алдында бірнеше рет туыстарынан ақша сұрап, проблемаға ұрынғанын айтқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Еділ Тешебаевтың туған жері Сарыағаштағы үйінде жаназаға жиналған адам қарасы көп. Асылып қалған күйі табылған сарбаздың денесі 6 маусымда жеткізілген. 

"Үш түрлі, үш адамға үш түрлі айтып отыр. Пышақтады деп бірінші айтады, артынша баласына бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді кеп анасына белдігіне асылып қалды, екі белдікті  байлап асылып қалды дейді. Подполковник айтқан", - дейді Гүлжәмилә Алтынбекова, марқұмның апасы.

Туыстары марқұм білмеуі тиіс болған мағлұматтарды біліп қойғаны үшін өлтірілген деген болжамын айтып отыр. Ол үнемі барлық туысынан ақша сұраумен болыпты. Әкесі ұлы қиын жағдайға тап болып, содан кейін өлтірілген деп есептейді.

"Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мың атаңа нәлет деп, салып жіберуім керек еді. Ойламадым ғой, мұндай болады деп,  демек, баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген де. Басқа несі бар. Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр", - дейді әкесі Бақыт Алтынбеков.

Істегі түсініксіз жайттарды марқұмның достары да айтып отыр. Тоғыз ай қызметте жүрген сарбаз отбасының жағдайына байланысты өлгісі келетінін жаза бастауы ақылға қонбайды, дейді олар. Олардың пікірінше, сарбаз жазды деген соңғы хаттағы мәтін де бір ғана адамның қолымен жазылмаған.

"Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, мамасына жазылған хатында жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті дәптерге жазғанда алфавиттің арасында "ы", "і" деген әріпті жазбай тастап кетуші еді, бір екі әріпті. Ал бұл жерде хатта "ы", "і" әріптер былай тұрсын, үтір-нүктеге дейін мәнерлеп жазылған. Еділ олай жазбайды", - дейді марқұмның досы Ерсұлтан Қанжігіт.

Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді.

"Мен өзім хирургияда істегем ғой, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Ол денесінен жылу кеткеннен кейін қалатын еді, мойны, бар жері қатып қалады, қимылдамайтын. Мұның мойны, омыртқалары ана жаққа, мына жаққа айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген негізі, сөйткен де, өзі дарға асылды қыла салған", - дейді марқұмның анасы Нағима Нұрбайқызы.

Ал сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді. Қазір тергеу жүріп жатқанын айтқан басшы "Еділ жиі есінен танып қала беретін" дейді.

"Есінен танып қалатын, ауа жетпей. Армияға келгеннен бері. Тоғыз  ай бойы емес, осы соңғы айда ма, сол кезде бір рет кетті. Есінен танды, одан кейін госпитальға кетті, Ақтауға, емделді", - дейді ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов.

Телеарна тілшілерінің айтуынша, қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады. Бірақ бұл туралы не Қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми ақпарат берген жоқ. 

Еске салайық, 4 маусымда Маңғыстау облысындағы шекара қызметінде мерзімді қызметтегі сарбаздың өлімі хабарланған еді. Ол суицид жасады делінді.

Бұл жағдайға қатысты Президент те пікір білдірген. Еділ Тешебаевтың өлімі хабарланған күні Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі өлім себептерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия құруды және болашақта мұндай жағдайдың алдын алуды тапсырған. 

6 маусымда Қорғаныс министрлігі өкілдері "әскердегі өлімге жол бермеу" бойынша бағдарлама әзірленіп жатқанын хабарлады.