02 там, 2022 сағат 11:20

АҚШ "Әл-Қаида" террор тобының жетекшісі Айман әз-Зауахиридің көзін жойды


Өткен жексенбі Кабулда Усама бен Ладеннен кейін "Әл-Каида" террор тобын басқарған Айман әз-Зауахири ұшқышсыз аппарат зымыранымен өлтірілген. Америка барлауының мәліметіне қарағанда, әз-Зауахири 2001 жылы АҚШ-та жасалған аса ірі террорды негізгі ұйымдастырушылардың бірі болған.

Дүйсенбі күні кешке америкалықтарға Ақ үйден жасаған үндеуінде Джо Байден оның қайда тұратынын АҚШ барлауы анықтағанын айтты. Барлау қызметі басшыларымен бірнеше рет кеңескеннен кейін Байден Кабулдағы Зауахири тұратын үйді зымыранмен атуға бұйрық берген.

Зымыранмен екі рет атқан. әз-Зауахиридің сол маңайда тұратын отбасы мен өзге де адамдар зардап шекпеген. 

Джо Байден "бұл шараның Құрама Штаттар әскерінің былтыр күзде антитеррор операцияларын жүргізу мүмкіндіктерін сақтай отырып, Ауғанстаннан шыққан стратегиясына сай келетінін" айтты.

"Әділет орнады. Ал лаңкестердің басшысы енді жоқ. Қанша уақыт өтсе де, қайда жасырынсаң да, халқымызға қауіп төндіретін болсаң, АҚШ сені тауып алып, көзіңді жояды", - деді ол.

Сондай-ақ, Байден әз-Зауахириді 11 қыркүйектегі шабуылдардың ұйымдастырушысы деп атады және лаңкестердің жетекшісі 1998 жылы Кения мен Танзаниядағы АҚШ елшіліктеріндегі жарылыстарда да маңызды рөл атқарғанын айтты.

Дүйсенбіде "Талибан" АҚШ операциясын айыптайтын мәлімдеме жариялады.

New York Times газетінің мәліметтеріне қарағанда, зымыран "Талибан" террор тобындағы ықпалды адамдардың бірінің үйіне түскен, әз-Зауахири сол үйдің балконында тұрған.

21 жыл бойы іздестірілген Айман әз-Зауахири көзінің жойылғаны Президент Байденнің үлкен саяси табысы саналады. Алайда әз-Зауахиридің Кабулда салыстырмалы түрде бірталай уақыт жүргені – былтыр күзде билікке келген "Талибан" қозғалысының Ауғанстанда террористерге баспана бермейтіні жөніндегі міндеттемесін орындауға қаншалықты дайын деген сұрақ туғызады. Тәліптер бұл уәдені Ауғанстаннан АҚШ әскерін алып кету жөнінде шешім қабылдаған Дональд Трамп әкімшілігімен келіссөз кезінде берген.

Айта кетейік, Айман әз-Зауахири 2011 жылы бен Ладеннен кейін "Әл-Каиданы" басқарды. 2021 жылы ол Америка Құрама Штаттарындағы 11 қыркүйек шабуылының 20 жылдығына арналған жеке бейне түсірді.