© Sputnik / Абзал Калиев
Бүгін Парламент Мәжілісі отырысында әйелдер мен балалардың құқығына қатысты заң жобасының бірінші оқылымы өтті. Онда депутат Ермұрат Бапи «Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар" деген пікір білдірді, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өз кезегінде баяндамашы депутат Жұлдыз Сүлейменоваға сауал тастады. Айтуынша, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң жобасы қоғамдағы әкенің рөлін төмендетіп жіберуі мүмкін.
«Жұлдыз бике, осы заң жобасын оқи келіп, осы жердегі пікірталас ретінде мәселені талдай келгенде, осы заң жобасынан біз әкенің рөлін, ер азаматтың рөлін, заң жобасының табиғатынан, мотивынан әкенің рөлін сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы жөнінде жеке пікіріңізді білгіміз келеді... Қазақстанда халықтың 70 пайызын қазақтар құрайтынын білеміз. Осы жерде отырғандарымыздың бәрімізді «осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыдан келгенде біз әкенің, ер азаматтың рөлін көтеру үшін отағасы туралы заң қалыдауымыз керек шығар?», - деді Ермұрат Бапи.
Мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай да ер адамдардың құқығын қорғау туралы айтты.
Еске салсақ, аталған заң жобасының таныстырылуында депутат Анас Баққожаев «отбасында жанжал әйелдің тілінің ұзындығынан туындайды» деп айтқан болатын.
ULT.KZ тілшісі мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменовадан әйелдер мен балалардың құқығына қатысты заң жобасы талқыланған сайын не үшін ылғи депутат мырзалар ер азаматтардың құқығын айтып шығады деп сұрады.
"Бұл заң жобасын комитеттерде де талқыладық қой. Комитеттерде оң қорытындысы болмаса бірінші оқылымда талқылауға болмайды. Біз бас кезінде комитеттерге барғанда алаңдаушылық болды. Жаңа Ермұрат Бапи мырза да сұрақ қойды ғой, сондықтан да, әрине, ер депутаттар емес, жалпы қоғамдағы бар мәселе секілді. Бірақ бір мәселеге тоқталғым келеді. Бізде қазір Қылмыстық Кодекске 108-1 бабы енгізіліп отыр. Ол "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен алынып, Қылмыстық Кодекске енгізіліп отыр. Сәйкесінше жаза да Қылмыстық Кодекспен реттелетін болады. Бұдан кейін, ұрып-соғу бабы да Әкімшілік Кодексте болған, енді бұл қылмыстық кодекске енгізіліп отыр. Бірақ бұл екі бап та тек қана әйелдер мен балалардың құқығына бағытталғанымен, ол барлық азаматтарды қамтитынын атап өткіміз келеді. Егер ер азаматтардың да денсаулығына қасақана зиян келтірілетін болса, осы баптардың аясында құқықтары қорғалатын болады", - деп жауап берді Жұлдыз Сүлейменова.
Жұлдыз Сүлейменова осы тұсқа мұқият назар аударуды сұрады. Сондай-ақ бұл заң тұңғыш рет қабылданып жатқандықтан, түсінбестіктер болатынын айтып өтті.
"Бізде әйелдердің тұрмыстық вандализм кезінде қайтыс болу фактілері бар. Олар жүздеп саналады. Сондықтан да бұл озбырлықты тоқтатуға заңнамалық негізде осындай қадамдарға барып отырмыз", - деді Жұлдыз Сүлейменова.