31 қаз, 2019 сағат 10:56

Аида Балаева: Меморгандар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» талаптарына сай болуы керек

Мемлекеттік органдар «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» талаптарына сай болуы тиіс. Мемлекет басшысының көмекшісі - ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң Өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмiнiң меңгерушiсi Аида Балаева осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің бүгінгі міндетіміз - тұрғындармен тиімді әрі орнықты кері байланысты орнату. Мемлекеттік органдардың міндеті - «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» талаптарына сай болу, келіп түскен әрбір өтінішті жіті пысықтау, мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан бағдарламалар мен саясат туралы ақпаратты ұғынықты тілмен түсіндіру. Өтініш берушілерге берілген сапасыз жауаптар – өтінішті қараудан бас тарту, оны бір мемлекеттік органнан екінші органға жібере салу - сайып келгенде, халықтың билікке деген сенімін төмендетеді. Біз мұндай тәжірибеден мүлде аулақ болуымыз керек», - деді Аида Балаева елордада өткен «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет - тұрақты қоғам» атты семинар-кеңесте.

Президент көмекшісінің айтуынша, ол үшін өтініштермен жұмыс жүргізу ісін қайта қарау керек.

«Біріншіден, мемлекеттік органдардың жұмысының сапасын арттыру үшін біз өтініштердің 90 пайызын Президент Әкімшілігінің бақылауына алдық. Бұл жұмысты ұйымдастыру аясында Бөлім мемлекеттік органдардың жауаптары мен өтініш берушілердің пікірлерінің талдауы мен сапасына ерекше назар аударады. Тіпті теріс жауаптың өзі, менің ойымша, азаматтың күмәнін сейілту үшін негізді түрде жеткізілуі керек. Бөлімде құрылған жобалық кеңсе аясында тиісті мемлекеттік органдар деңгейіндегі жүйелік проблемаларды анықтау мақсатында өтініштерге талдау жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар, Аида Балаева азаматтардың әрбір мемлекеттік орган бойынша өтінішін жеке қарауға шақырды.

«Біз ойсыз немесе орынсыз берілген жауаптардың барлығын орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзіне қайтарып жатырмыз. Осылайша, әртүрлі мемлекеттік орган қызметкерлерінің біліктілік деңгейі де анықталады. Егер бір сұрақ келсе, жауап далаға лағып кетпеуі керек. Біріншіден, мемлекеттік органдар бір-бірін тыңдай білуі тиіс. Бір-бірімізді естіген бойда адамдардың үні де құлағымызға жетеді. Өтініштерді қарау кезінде артық бюрократиялық кедергілер мен рәсімдерді жою, ведомствоаралық ынтымақтастықтың тікелей арналарын құру және атқарушы тәртіптің сапасын қамтамасыз етудің маңызы зор. Қазір Үкімет, министрліктер, барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде ауылдық, аудандық деңгейлерге дейін азаматтардың сұрағына тікелей жауап беретін адамдар анықталды. Біз өзара тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Әрбір үндеу тиімді қаралуы тиіс», - деді Президент көмекшісі.