Перри Лотт. Фото: Innocence Project
Адам зорлады деген күдікпен 30 жыл түрмеде отырып шыққан америкалық тұрғын кінәсіз болып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты Innocence Project-ке сілтеме жасап.
Ұйым мәліметінше, америкалық Перри Лотт 1987 жылы 2 қарашада Оклахома штатында әйел адамға шабуыл жасағаны үшін 1988 жылы ұзақ мерзімге сотталған. Ол кезде әлдебір қаскөй әйелді жұмысынан үйіне дейін аңдып, басына қару тақап, зорлап, тонап кеткен. Кейін әйел адам қаскөйдің алтын тісі болғаны есінде қалғанын айтқан. Перри Лоттың де алтын тісі болған. Сөйтіп ол екі күннен кейін ұсталған.
Ер адам тергеушілермен келісімге өз еркімен келіп, қылмыскерді тану операциясына қатысқан. Тергеушілер операцияға бірнеше күдіктіні шақырып, оларға жалған алтын тіс салдырған. Олардың ішінде алтын тіс тек Лотта болған. Жәбірленуші әйел күдікті ретінде Лотты таныған. Кейіннен, 2014 жылы әйел сол кезде қатты қобалжып тұрғанын, оның таңдауға нақты себеп болмағанын мойындаған.
Әйел оны зорлаған ер адам тегіс қырынғанын айтқан, ал Лоттың мұрты болған. Алайда Лотт қылмыскердің басқа белгілеріне сәйкес келмесе де, кінәлі деп танылған. Сот айыпталушының сүйіктісі сол түні онымен бірге болғанын айтқанына да мән бермеген.
2010 жылдары Лоттың ісін Innocence Project қолға алған. Жүргізілген ДНҚ сынағы қылмыс орнындағы биологиялық материалдардың басқа адамға тиесілі екенін көрсетті.