24 сәу, 2020 сағат 11:26

Әбіқаев: Қазақстандағы президенттік институт жаңа мемлекетті құруға жол ашты

Қазақстандағы президенттік институт жаңа мемлекетті құруға мүмкіндік берді. «Отандастар» қорының Президенті Нұртай Әбіқаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы президенттік институттың, оның құрылу тарихы мен қызметі туралы, тұңғыш Президент - ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы қысқа қайырып пікір білдіру мүмкін емес. Бұл тақырыпқа бұған дейін де көптеген ғылыми, саяси зерттеулер мен жарияланымдар арналғаны белгілі. Сондықтан мен осы институттың біздің елімізде қалай қалыптасқанын түсінуге мүмкіндік беретін тек негізгі анықтамаларды, тұжырымдамалар мен мысалдарды ғана келтіруге тырысайын. Елбасының көптеген жарияланымының ішінде мен 2009 жылы америкалық «Геральд трибюн» (International Herald Tribune) халықаралық газетінде жарияланған «Жауапкершіліктің батылдығы» мақаласын ерекше атап өткім келеді (қазір ол басылым International New York Times деп аталады). Мақалада валюталардың жаңа класын құру туралы айтылғанымен, шын мәнінде бұл әлемнің жаңа контурларын құру туралы 10 жыл бұрын нақты тұжырымдалған ұсыныс еді. Мұндағы негізгі сөз - «жауапкершілік». Дәл осы жауапкершілік адамның, жетекшінің, көшбасшының кім екенін көрсетеді. Қайда немен айналысса да дәл осы қасиет Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге келеді», - деп атап өтті Н.Әбіқаев. 

«Отандастар» қорының басшысы Президент лауазымы 1990 жылы 24 сәуірде бекітіліп, осы орынға сол тұстағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Нұрсұлтан Әбішұлының сайланғанын еске алады. Ол уақытта Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде республика басшысы болған. Ол кезде бүкіл КСРО державасы және КОКП Орталық Комитеті басқаратын әміршілдік басқару жүйесі халықтың көз алдында құлдырап, құлап бара жатқан еді. Бүкіл кеңес кеңістігінде, соның ішінде республикаларда инфляция өршіп, кәсіпорындар тоқтап қалды, адамдар кедейлікке душар болды. Қатаң бағынатын орталықтағы Горбачев пен оның командасының іс-қимылдар жоспары болмағанына бәрінің көзі жетті. Қателіктер геометриялық жылдамдықпен өршіп кетті. 

Нұртай Әбіқаевтың сөзіне қарағанда Кремль елдегі шынайы жағдайдан мүлде алыс қалған еді ол тұста. Барлық жерде әлеуметтік жарылыс өршіп тұрды. Ақыры 1991 жылдың тамызында Мәскеуде тамыз путчі бұрқ ете түсті. Жағдай одан сайын ушықты. Саяси, сондай-ақ экономикалық жағдай Қазақстанда да мәз емес еді. Жоғарғы Кеңес деп аталатын парламенттер бірінің орнын бірі ауыстырып, ескірген кеңестік ережелерге сай сайланбақ болды. Ондағы өр мінез көшбасшылар басқаратын әртүрлі саяси партиялар ешбір білімсіз, идеясыз еді. Халықтың сеніміне ие бола алмады. 

«Көрнекі мысал ретінде 1994 жылдың наурызында сайланған парламентті таратуға байланысты оқиғаларды келтіруге болады. Алғашқы күннен бастап депутаттар мен атқарушы билік арасында қарама-қайшылық айқын көрініп тапқан болатын. Экономиканы өркендету үшін халық қабылдауы екіталай бірқатар заң қажет болды. Тың бастамалар елдің экономикалық әлеуетін арттыру міндеттерін атқаруды көздеді. Бірақ популистік себептермен депутаттық корпус ол ұсыныстарға тосқауыл қойды. Қысқа тарихында бұл парламент екінші деңгейлі санаулы ғана заңды қарастырып, қабылдады. Бұл кезде реформалар азаматтық және салық кодекстерінің, банкроттық туралы заңдардың, шетелдік инвестициялардың болмауынан тұншығып жатқан еді. Бір сөзбен айтқанда, парламент тоқтап қалды. Оның құрамын өзгерту керек болды. Осы кезде Абылай хан сайлау округіндегі сайлау науқаны кезінде сайлау заңнамасын өрескел бұзу фактісі тіркелді. Депутаттыққа кандидат, журналист Татьяна Квятковскаяға қатысты осы фактіні талдай отырып, Конституциялық Сот басқа аудандарда да осындай заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл өзгерістер барлық сайлауды жарамсыз деп танып, парламент толығымен заңсыз болып шыққанын көрсетті. Осы шақырылымның депутаты болған ақын және қоғам қайраткері ретінде Олжас Сүлейменов бұл туралы кейінірек қалжыңдап: «Егер Мәскеуде парламентті тарату үшін танктер қажет болса, ол жұмысты еңсеруге біз үшін бір ғана танк жеткілікті болды» деген еді», - деп еске алады өткен күндерді Нұртай Әбіқаев. 

Осыдан кейін жаңа сайлауға дейін заңсыз уақытты жоғалту мүмкін еместігін ескере отырып, дәл сол Конституциялық Сот жаңа депутаттық корпус сайланғанға дейін Президентке уақытша заң шығарушы өкілеттік берді. Уақыт көрсеткендей, бұл дұрыс қадам болып отыр. 

«Қысқа уақыт ішінде Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық реформаларды алға жетелеуге бағытталған 136 жарлық шығарды. Кейіннен олардың бәрі де жаңа Парламентпен мақұлданып, Қазақстан Республикасының заңдары мәртебесіне ие болды. Олар елдің экономикалық дамуын ынталандырды. Бұл сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне жүктелген үлкен ауыртпашылық пен жауапкершілік болды», - деп атап өтті Нұртай Әбіқаев. 

Оның айтуынша, 90-шы жылдардың басында дағдарысты және жалпы хаосты еңсерудің қандай да бір саналы бағдарламасын жасау қиын болатын. Не болып жатқанын мұқият талдап, өлшегеннен кейін Тұңғыш Президент саяси батылдық танытып, жауапкершілікті толық мойнына алып, күйреу жағдайын еңсерудің бірден-бір дұрыс жоспарын жасады. Алғашқы қадам ретінде ол бұл лауазымға заңдылық беретін және президенттік институтқа жаңа мемлекет пен заманға сай қоғам құру үшін қажетті құқықтық функцияларды беретін бүкілхалықтық президенттік сайлау өткізуді талап етті. 1991 жылы 1 желтоқсанда осындай сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Әбішұлы сайлауға келген дауыс берушілердің 88,2 пайызының 98,78 пайыздық дауыс жинап, жеңіске жетті.