01 мау, 2022 сағат 13:40

Абаев әкімдерге: Дәретханалардың жағдайына назар аударыңыздар!


Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында аймақ басшыларын дәретханаларға назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Аймақтар назарын дәретханалардың жағдайына аударғым келеді. Меніңше, бұл сұрақты жеке бизнесті тарту арқылы шешу керек деп есептеймін", – деді Абаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, туризм дамыған аймақтарда дәретханалар жетіспеушілігі байқалады. 

"Әкімдіктерді де түсінуге болады. Мысалы, бізде Қайыңды бар. Туристер көптеп баратын керемет орын. Дәретханалар орнатылған, бірақ олар жұмыс істемейді. Себебі дәретхананы жабдықтау жүйесіне қосу қымбатқа түседі", – деп қосты министр. 

Дәурен Абаев бұл дәретханалардың су болмағандықтан, жұмыс істемей тұрғанын айтты. 

"Қазір әкімдік бизнеспен бірлесе отырып басқа нұсқа табуы керек. Бұл мәселе өз шешімін табады", – деді министр.