Биылғы қазан айында Египетте Халықаралық электрбайланысы одағының отырысында 5G желілерінің адам денсаулығына тигізетін әсеріне талдау жасалады. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
А. Жұмағалиев хабарлағандай, қазан айында Египетте Халықаралық электрбайланысы одағының отырысы өтеді.
«Осы Бүкіләлемдік отырыста нақты стандарттар анықталады. Стандарт 2021 жылы түпкілікті бекітіледі деген болжам бар», — деді министр.
Сонымен қатар, А. Жұмағалиев 5G технологияларының стандартын анықтаған кезде оның адам денсаулығына әсер ету мәселесі негізгі болатынына сенім білдірді.
«Денсаулыққа қатысты барлық мәселелер тиісті сынақтардың негізінде талданады. Халықаралық электрбайланысы одағының стандартты бекітуі денсаулық элементтеріне негізделетініне сенімдімін. Себебі денсаулыққа кері әсер ететін технологияларды ешкімнің де енгізгісі келмейтіні анық», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында А. Жұмағалиев Қазақстан экономикасын цифрландыру үшін 5G-ді енгізудің маңыздылығына тоқталды.
«Бұл өте маңызды мәселе. Бұл бүгінгі күн тәртібіндегі барлық технологиялық мәселелерді шешетін технология», — деді министр.
5G технологиялары 4G технологияларымен салыстырғанда жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етеді, бұл ұялы байланысқа кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сонымен қатар device-to-device режимдерін қолдану, құрылғылар арасындағы сенімді ірі масштабты байланыс жүйелері, қысқа кідіріс уақыты, интернет жылдамдығы 1-2 Гбит/с бастап, 4G жабдықтарына қарағанда батарея қуатының аз шығыны — осының бәрі заттар интернетінің дамуына қолайлы әсер етеді.
Байқауымызша, әлемде әрекет етіп тұрған буынды енгізгеннен кейін 10 жылдан кейін ұялы байланыстың жаңа буынын таныстыру үрдісі қалыптасқан. Ұялы желілердің алғашқы буыны 1980 жылдардың басында пайда болды. 10 жылдан кейін әлемге жетілдірілген технологиялар — 2G таныстырылды. 2000 жылдардың басында пайдаланушылар 3G жоғары жылдамдықты интернетіне қол жеткізді, ал 2009 жылы жоғары жылдамдықты интернеттің соңғы буыны енгізілді. Енді міне 10 жылдан кейін әлемде мүлдем жаңа 5G технологиялары қолжетімді болады.