14 сәу, 2020 сағат 09:53

37 мың қазақстандықтың жалға алу төлемдерін өтец мерзімі биыл 1 маусымға дейін шегерілді - «Самұрық-Қазына»

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. «Самұрық-Қазына» ҰЭҚ» АҚ компаниясының көрсеткіштері туралы Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

А. Есімовтің айтуынша, қазіргі жағдай экономиканың барлық салаларына әсерін тигізді, Қор қызметкерлері де оның теріс ықпалын сезінді. Ең алдымен, мұнайгаз секторы, әуе және теміржол тасымалы, энергия ресурстарын тасымалдау және т.б. 

«Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді, кейбір көрсеткіштер бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Мұнай-газ саласы сыртқы факторлардың ықпалына қарамастан, біршама тұрақты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіптік көрсеткіштер мұнай өндіру көлемінің 102%-ға асыра орындалуымен қамтамасыз етіліп, 6 млн теңгеге жуықты құрады», — деп хабарлады Қор басшысы. 

А. Есімов есепті кезеңде 4,3 млн тонна  немесе жоспарлы көрсеткіштен сәл төмен мұнайдың қайта өңделгенін атап өтті, бірақ бұл өткен жылғы деңгейден 30%-ға артық. Газ тасымалдау көлемі 24,4 млрд кубометрді құрады, бұл жоспар деңгейінде, бірақ өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға жоғары. 

«Жүк сегменті біршама тұрақты, жүк айналымының орындалмауы 6% құрайды, бірақ өткен жылғы деңгейде сақталды. Соған қарамастан, көлемін арттыруға нақты перспективалар бар. Біз Қытайдан келетін жүктердің транзиттік жөнелтілуінің жанданғанын байқап отырмыз», — деді А. Есімов.

Биыл наурыз айында транзит көлемі өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда 30%-ға өсті, электр энергиясы экспортының көлемі біршама артты, Қытайдан пошта жөнелтілімдерінің транзитін іске асыру қалпына келтіріліп жатыр. Телекоммуникация секторы тұрақты жұмыс істеуде. 

«Ағымдағы кезеңде Қазақтелеком желілеріне түсетін жүктеме  30%-ға дейін артты, бұл компания көрсететін қызметтердің көлемінінің ұлғайғанын көрсетеді», — деді А. Есімов.

Сонымен қатар, өткен жылдары Қор $8 млрд көлемінде сыртқы қарызды уақытынан бұрын өтеп, төмендетті, ал бұл валюта бағамын ескерсек, бағам айырмашылығынан шамамен 1 трлн теңге көлеміндегі әлеуетті шығынды құрайды.  

«Бұл сонымен қатар қарызға қызмет көрсету үшін жыл сайынғы қажеттілікті 269 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді, бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан өндірістік процестерге тікелей ықпал етпейтін операциялық және басқа да шығыстарды оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде», — деді ол. 

А. Есімовтің айтуынша, бұл шаралар үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету үшін мұнайға ағымдағы бағалармен қаржылық беріктіктің белгілі бір қорын құруға мүмкіндік береді. 

Қор Ұлттық банкпен валюталық түсімді сату және шетелдерден депозиттерді қайтару бойынша Үкіметтің қаулысын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларды келісті.

«Жалпы, компаниялардағы жағдай іскерлік, жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Өндірістік қызметкерлер қысқартылған жоқ, жалақы төлеу бойынша кідірістер жоқ, кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптары мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау нормалары сақталған», — деді Қор басшысы.

Бұған дейін тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алушыға 2,3 млрд теңге сомасына жалдау төлемдерін осы жылдың 1 маусымына дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Жеңілдіктер 37 мың азаматқа қатысты болады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне 500 млн теңге сомасына қорғаныс маскаларын сатып алуға қаржы бөлінді.