1969 жылы дүниеге келген. 1988 жылдан 1993 жылға дейін ҚХР, ШҰАР Іле педагогикалық институтының қазақ тілі-әдебиеті факультетінде оқыған. 1993 жылы ҚХР, ШҰАР «Күйтін газетінде» бас редактор болып қызмет атқарған. 1996 жылдан 1998-ші жылға дейін ҚХР, Нәнжин қаласында Қытай Халық университетінің журналистика институтында (сырттай) магистрант бөлімінде оқыған. 2000 жылы ҚХР, ШҰАР журналистер одағы тарапынан «Үздік әдеби редактор» мәртебесіне ие болған. 2004 жылы атамекені – Қазақстанға бір жола қоныс аударған. Мұрат Шаймаран 2006 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің халықаралық журналистика кафдрасында оқытушы болып қызмет атқарады.
Еліміз тәуелсіздік алғасын атамекен Қазақ жеріне әр алуан тарихи жағдайларға байланысты шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз келе бастады. Олар қазақтың тәуелсіз елінің дамып, аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен отаншылдық рухпен кірісіп кетті. Шет елден оралған қазақтар тек экономикамыздың дамуына ғана емес, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, өнеріміздің өркендеуіне де барынша қызу араласып, өздерінің өзге жерде жүріп алған білімдері мен үйренген өнерлерін қазақ еліне әкелді, сол арқылы елімізді әлемге таныту жолында аянбай еңбектеніп жүр. Елге оралған қандастарымыздың арасынан шыққан музыка, спорт салаларында еңбек етіп жүрген әлемдік деңгейдегі майталман өнерпаздарды көптеп мысалға келтіруге болады. Ал, әдебиетімізге келіп қосылған ақындар мен жазушылар да өздерінің шығармалары арқылы қазақтың мұңы мен сырын, тәуелсіз ел ретіндегі отаншылдық рухын ту ғып көтеріп, әдебиетімізге жаңа бір леп әкелді. Солардың қатарында, Мұрат Шаймаранды атауға болады. Ол өзінің сыршыл да нәзік лирикасымен өз оқырмандарынан жоғары баға алып жүрген талантты ақындардың бірі. Мысалы, тоқсаныншы жылдары жазылған «Студент сағынышы» деген өлеңінде:
Қысқы кеште, пеш түбінде
Ұршығыңды иіріп,
Отырсың ба, жаным Апа,
Көздеріңе мұң ұйып?! – деп тебіренеді. Бұл ауылдан енді ұзап шыққан жас жігіттің елге, жерге, туған үйіне, соның ішінде анасына деген шынайы сағынышы. «Көздеріңе мұң ұйып» деген тіркес расында да бұрын тілімізде көп қолданылмаған соны тіркес.
Жас ақынның махаббатты жырлауы, өзі ұнатқан қызға өлең арнауы қалыпты жағдай. Енді, ғана оянған жақсы көру сезімі ақын өлеңдерінің басты тақырыбының бірі. Мысалы, «Махаббат қандай күйге салдың мені» деген лирикасында ақын өзінің басынан өткен сезім шырғалаңын:
Махаббат!
Қандай күйге салдың мені?!
Құндағыңа алдың да әлдиледің, – деп жырға қосады. Махаббат құндағында әлдилену расында да жас жігіттің басындағы сол кездегі көңіл-күйін тап басып, дәл жеткізе алатын образды тіркес. Ал, келесі шумақта лирикалық қаһарман өз басынан өткен баянсыз сезімді, оның да ащысы мен тәттісі қатар жүретінін бір шумақ өлең мазмұнына шеберлікпен сыйдырып жібереді.
Махаббат!
Қандай күйге салдың мені?!
Баянды боп тұрмады шырақ сезім,
Өзен кеуіп, суалды бұлақ көзі.
Кеудемді асау қайғы ұрғылады,
Сонда мен тұңғыш сездім шын
жылауды.
Көкірегімде көлкілдеп нала жатты,
Махаббат!
Қандай күйге салдың мені?!
Ес жидым,
Сосын, менің бар білгенім –
Мәңгілік қасіретім боп қалдың менің…
Осынау бір шумақ өлең болмысында ажырамас бір тұтастық сақталған. Өлеңнің мазмұны терең және жаңа, соған сәйкес форма да тың, екеуінің арасындағы сәйкестік бір бірімен шебер үйлесім тапқан. Ақын өлеңді қандай ұйқаспен, қандай ырғақпен жазам деп әуреленбеген, бәрі де табиғи, ой мен сезім арасында бір бүтіндік бар. Бөле-жара қарағыңыз келсе де бөле алмайсыз, бөлшектеуге келмейтін жұмыр туынды.
Лирикадағы ең маңызды образ – ол лирикалық қаһарман: лирикалық шығармада көрсетілетін басты нәрсе де сол лирикалық қаһарманның ішкі әлемі, жан-дүниесіндегі өзгерістер. Суреткер-лирик өз оқырманымен сол лирикалық қаһарманның атынан сөйлеседі, сол арқылы байланысады, сыртқы әлемнің суреті де лирикалық қаһарманның таным-түсінігі арқылы бейнеленеді. Лирикалық қаһарманды ешқашан да эпикалық кейіпкермен шатастыруға болмайды. Онда адамның жан-дүниесіндегі құбылыстар ерекше нәзік иірімдер арқылы көрініс табады.
Қамықпа сен, көктем де оралады,
Бар әлем жылылыққа оранады.
Көзіңде тұрған қатып бір тамшы жас,
Ериді, жоғалады.
Бұл өлеңнен де лирикалық қаһарманның жан толқынысын, өзгелердің көзіне шалына қоймайтын мінез сипатын аңғарамыз. Нақты суреттеліп тұрған оқиға желісі жоқ, бірақ адам жанының психологиялық өзгерісі, көңіл түкпіріндегі үміті, арманы айқын көрініс береді.
Мұраттың лирикалық қаһармандары ол автордың сол кездегі көңіл-күйінің жемісі. Сондықтан да, олар бірде шат, бірде мұңды, бірде ер мінезді, бірде күйгелек те күйкі. Ондай мінез лирикаға тән.
Сен отырсың қиял кешіп тым ыстық,
Әлдилейді сені жалғыз тыныштық.
Терезеңнен үңіледі марғау түн,
Еш алаңсыз періштедей бар қалпың.
Адам мен табиғат мінезі салыстырмалы сипатта параллель бейнеленген. Өлең мазмұнында ерекше бір жылылық, өзгеше бір жайлылық бар. «Қиял кешу», «әлдилеу», «тыныштық», «марғау түн», «алаңсыз қалып» деген ұғымдар бұл ойымызға дәлел бола алады.
Мұраттың жас кезіндегі жырларын оқи отырып, оған орта ғасырлық шығыс поэзиясының әсері мол болғанын аңғарамыз. Омар Хаямның, Хафиздің, Науаидің шайырлық дәстүрлерінің кейбір элементтері оның өлеңдерінің мазмұнынан сәуле шашып тұратындай. Бірақ, оларды қайталау жоқ, керісінше Мұраттың өзіне ғана тән өлең ырғағы, сөз саптауы, қиялдау мәнері басым көрініс беріп отырады. Шығыс шайырларының сазы бар, бірақ, сарыны жаңа. «Науаидың ғазалы», «Шарап толы көзелер», «Аян» лирикалары сол шығыстық сарында жазылған жырлар. Шарапты жырға қосу, оның көңіл көтеретін қасиетін дәріптеу, оның желік берер сиқырлы күшіне жүгіну соны аңғартса керек.
«Шарап толы көзелер» деген лирикасындағы мына жолдарға назар аударып көрелік:
Шарап болып тұрған тұнып көземде,
Теңіз бе әлде өзен бе?
Көздер ме әлде мөлт-мөлт еткен,
Еріндер ме кезерген?!
Қандай сұлу, қандай мұңлы тіршілік,
Мылқауды да жібереді жыршы ғып.
Түсімде ылғи шарап толы көзелер,
Өліп жатам тұншығып…
Көзедегі шарапты теңізбен, өзенмен, кезерген ерінмен салыстыра бейнелеуі ақынның метафораны шебер пайдаланатын байқатады. Аристотель өзінің «Поэтикасында»: «…бәрінен де маңыздысы метафораларда шебер болу. Бірақ, мұны басқадан үйрену мүмкін емес. Бұл дарындылықтың белгісі, себебі жақсы метафоралар жасау ұқсастықты тани білу деген сөз», – дейді. Мұраттың лирикасы да осы үдеден шығып тұрған сыңайлы.
Қазіргі поэзияны лирикалық, драмалық, эпикалық, азаматтық, сатиралық, мистикалық деп бөлуге болады. Қалған бөліктердің барлығы да осыларға келіп құйылып, қосылып жатады. Мысалы, буколикалық деген ол – эпикалық пен лирикалық поэзияның қосындысы, әскери поэзия деп жүргеніміз азаматтық поэзияның бір тармағы ғана екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл алты түрлі қасиет жинақталып келіп бір ғана өлеңнің бойынан табылуы да мүмкін. Онда қатып қалған бір шекара да жоқ. Мәселе тек қарастырып отырған өлеңде қай мазмұн басым, қайсысы солғын соған ғана байланысты секілді.
Лирикалық поэзияда белсенді әрекет етуші өзінің сезімін, ләззат алуын, әр алуан көңіл күйін, рахаттана алмауын жырлайтын ақынның өзі (ақындық мен). Рахаттану сезімінің жоғарылауын қуаныш сезімі арқылы тануға болады. Масаттану, шаттану сезімі поэзияда сирек кездеседі. Ал, есіру, еліру (экстаз) сезімін нақты айқындау мүмкін емес, ол көбінесе басқа сезімдермен астасып, араласып, көлегейленіп тұрады. Мұрат поэзиясында ақынның іштей толқуы, мұңға батуы өзінше бір әлем. Мұң кез-келген ақынның серігі секілді. Мұң ақынның өзімен-өзінің сырласуы, іштегі арманын, наласын, қайғысын өлеңге арқау етуі. Лирикалық кейіпкер мінезінің де ашыла түсетін кезі осы мұңмен байланысты екенін жоққа шығара алмаймыз.
Бір құмарлық жүрегімді мекендеп,
Қалтыраған буынымды бекемдеп,
Жұлдыз жанған терезеңнің тұсынан
Мұңға батып өтем мен.
Ақын өзін мазалаған жан сырын, көкірегіндегі түйіткілді мұңын айшықты өлеңмен әсем музаға айналдырған. Қазіргі поэзияның басты сарындарының бірі – күйзеліс. Күйзелістің ең жеңіл түрі ол – мұң. Мұңның себеп-салдары көп жағдайда белгісіз болып келеді. Мұң лириканың басты өзегі. Лирикалық қаһарманның психологиялық болмысын танытудағы мұңның алатын орны ерекше. Шер, нала, мұң лирикада салмақты ойды танытудың, адамның ішкі жан дүниесіндегі тартысты, қайшылықты көрсетудің өзгеше тәсілі ретінде поэзияда жиі пайдаланылады. Күйзелістің ең жоғары деңгейі ашыну, торығу. Ол көбінесе эпикалық шығармалардың сюжетіндегі тартыстың шарықтау шегін дамыту үшін қолданылатын психологиялық деталь.
Мұрат қай тақырыпқа өлең жазбасын онда қуаныш, асқақтық қасиеттерден гөрі ой, мұң басым болып келеді. Ақынның алғашқы жырларының көбі махаббат тақырыбына арналған. «Мазалап мені», «Бозаң үміт», «Сен отырсың қиял кешіп», Жас жүрек», «Мен деген енді…», «Сен тағы», «Сен ән салсаң», «Қазақ қызы», «Сен мені ұмыттың ба?» деген өлеңдері ақынның іштейгі бұлқынысынан туған сыршыл жырлар.
О, дариға, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей,
Сарайыңнан алып қашып, мен саған,
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан тәніңді,
Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…
Сөз жоқ әсем де әсерлі лирика. Сөзбен қашалған әдемі сурет. Басқалар ғашығын лашықтан сарайға сүйресе, Мұрат керісінше сарайдан лашыққа алып шыққысы келеді. Бірақ, ақынның сол қиялына еріксіз сенесің. Бірін-бірі сүйген жандар үшін думанды сарайдан лашықтағы оңаша тыныштық әлдеқайда артық екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Ал, «асыл-асыл», «жасыл-жасыл» деген қайталама қос сөздер өлеңнің көркемдік қасиетін арттырып, ақын ойының құбылып, әсем де айшықты ырғақпен оқылуына ықпал етіп тұрғанын байқаймыз.
Өлеңдегі драмалық элементтер негізінен өлеңдегі лирикалық қаһарман әрекетінің екінші жақтан баяндалуымен байланысты туындайтынын байқауға болады. Лирика – «Мен», ал, драма болса «Мен» мен «Сенге» ортақ. Екінші жақ тек қана жеке тұлғаға ғана қатысты емес, ол кейде белгілі бір ел, табиғат ұғымдарына да қатысты болуы мүмкін. Бірінші және екінші жақтар бір- бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Санадағы жиіркеніш пен құштарлық сол екі жаққа бірдей сәйкес келеді. Құштарлық сезімінің өзінде де әр алуан қасиеттердің бой көрсететінін байқаймыз: сыйлап жақсы көру, туыстықпен жақын тұту, достық және эротикалық ұнатулар. Эпикалық шығармаларда, соның ішінде лирикада да үшінші жақтағы адамға қаратып сөз арнау жиі кездеседі. Лирикада көбінесе бірінші жақтан баяндау үрдісі лирикалық қаһарманның ішкі жан-дүниесін ашу үшін жиі пайдаланылады. Ал, Мұраттың лирикасында керісінше екінші жақтағы адамға қаратып сөйлеудің көбірек орын алатынын байқаймыз. Бұл орыс әдебиетінің әсері ме немесе сонау жыраулық дәстүрден келе жатқан үрдісті жалғастыру ма ол екі арасын дәл мынадай еді деп тап басып айту қиын.
Мұрат өте көп оқитын, әлем әдебиетін жақсы білетін ізденімпаз ақын. Оның өлеңдерінде орыс ақыны С. Есениннің ықпалының басым екенін аңғарамыз. С. Есенинге еліктеп жазған біршама шығармаларының бар екені де рас. Мысалы, «Мен сені сүйемін» деген өлеңінде орыстың ұлы ақынына деген көңіл түкпіріндегі сүйіспеншілікті былайша жеткізеді:
Дауысың жаулайды әлемді,
Есімің аңыз боп жүреді.
Арнаған жырыңды оқиды,
Аруы Шираздың түлегі…
Білемін,
Ыңғай да осылай,
Тұрмайды, өзгерер күн өңі…
Мен сені сүйемін,
О, Сергей –
Орыстың жаралы жүрегі.
Соңғы тармақ тұтасымен метафораға айналып кеткен. С.Есенин орыс ақыны, бірақ, оның шығармалары күллі адамзатқа ортақ. Кезінде сол сөз зергерінің орыс халқы қадірін білді ме? Оның қаламынан туған өлеңдердің әлі күнге шейін жұрттың санасынан өшпей, қайта жыл өткен сайын жаңғырып, жаңа қырынан танылып келе жатуының сыры неде?
Әр адамның біз біле бермейтін өзіне ғана тән сыры, жаратқан иенің сол пенденің жеке өзіне ғана сыйлаған ерекше қасиеттері болады. Бірақ, жалпы адамдар дейміз де көбіміз айналамызда жүрген кісілердің жан-дүниесінде не болып жатқанымен шаруамыз да болмайды. Бола қалған күнде де солар туралы жақсы ойлардан гөрі оғаш түсініктердің тезірек қылаң беріп қалатынын қалай жасырамыз. Ал, Мұраттың кейіпкерлерінің біразы дәл сол біз күстаналап, жирене қарауға үйренген адамдардың сортынан. Ол маскүнемнің ішуге бой алдырған осалдығының сырын да, тәнін саудаға салған жеңіл мінезді сұлудың көбімізге беймәлім ішкі сырын да жан-жақты ашып көрсете алған.
Мұрат өзінің «Балғын тәнің ескі көйлек ішінде» деген лирикасында да өз өлеңін екінші жаққа арнайды.
Тамұқ дүние, даңғазаңда ісім не?
Сен биледің өткінші өмір үшін де.
Алды жаулап, алқызыл сол ақшамды,
Балғын тәнің ескі көйлек ішінде.
Охо, ғазиз сұлулықтың дастаны,
Махаббаттан ұғынбайтын басқаны.
Ал, адамдар сенің әсемдігіңді,
Көздерімен шешіндіре бастады.
Бауда сенің тұрған балқып бал-нұрың,
Биле,
Биле!
Менің кәйіп тағдырым.
Анау тентек табаныңмен таптап өт,
Арам-арам пиғылдардың барлығын.
Лирикада сыршылдық деген ұғым бар. Ол ақынның өзінің іштейгі түйген пайым-түсінігін, ойын, тапқан жаңалығын өзімен өзінің бөлісуі, өзімен өзінің сырласуы. Мұраттың лирикасын оқи отырып оның өлеңді жалпы көпшілік қауым үшін емес, өзі үшін жазып отырғанын аңдағандай боламыз. Ақын жырларының бағыт-бағдары қалың оқырман емес, ақынның өзі. Оны оқырман ойы да, замандастары мен сыншылардың пікірі де алаңдатпайтын сияқты. Сондықтан да, оның лирикасы жұрт пайымдап жүрген өлеңдерден басқашарақ, ойлау мәнерімен сезіммен қабылдау түйсігі де өзгешерек болып келеді. Ол өлеңді өзін таныту үшін, даңқ пен дақпыртқа ие болу үшін емес, өзін өзі тану үшін, өзімен өзі сырласу үшін жазады.
Мұраттың тілі көркем, ойы айшықты, сөздік қоры мол. Ол ана тілінің терең мағынасын қапысыз таниды, әр сөздің астарынан үлкен ой түюге шебер ақын.
Тал-теректен төгілген сары жапырақ –
Арулардан қалған алтын сырғалар.
Қазақ поэзиясында жапырақ образын сомдау біршама қалыптасқан. Оны жүрекке де, қалықтап түсіп жататын ұлпа қарға да теңеген бейнелеуіш тіркестер баршылық. Бірақ, сарғайып түсіп жатқан жапырақты әйел сырғасына теңеу расында да ақынның ұтқырлығын аңғартады. Орны толмас көңіл жарасынан өрбіген ақын арманы қағаз бетінде мұңға толы сыр болып тізбектелген. Ал, осы құбылысты ақын басқаша жазса мүмкін дәл мұндай әсерлі болмас та еді.
«Метафора немесе теңеу бірнеше эпитеттен жалғасып, ұласып келсе күрделі метафора, күрделі теңеу, не тұтасқан сөз өрнегі жасалады. Бейнелі сөздер, әсіресе эпитет пен теңдеу, эпитет пен метафора, бір-бірімен жалғас, қат-қабат алынып қолданыла береді», – дейді академик З.Ахметов (З. Ахметов. Өлең сөздің теориясы. «Мектеп». 1973 ж. 22 – бет).
Мұраттың поэзиясында реалистік сипаттан гөрі романтизм басым. Романтизм ол лириканың жаны десе де болады. Ақын өз ойын ашып нақты көрсетуден гөрі астарлап, символдар арқылы өрнектеуге бейім екенін де естен шығармаған абзал. Біз символизмді уақыты өткен ескі сүрлеу сияқты елестететінімізді де жасыра алмаймыз. Ал, оны жаңартып, өзінше түрлендіріп, қазіргі оқырман танымына сәйкестендіріп жырлап жатса неге өны өгейсітуіміз керек. Керісінше Мұратты басқа ақындардан ерекшелеп тұратын да оның осы астары қалың ой мен терең мазмұнға жақындығы деп қабылдағанымыз жөн шығар. «Көңілдің өңі ағармас кірі ашылмай» деген өлеңінде ақын:
«Қартайдық, қайрат қайтты,
ұлғайды арман»,
Күн – үміт секілді ме түнге айналған.
Өмір ме, өңі суық өлім бе екен,
Бір елес орамалын бұлғайды алдан, – деп көңіл шерін ақтарады. Бірақ, неге күн үміт түнге айналған, неге өмір мен өлім қатар орамалын бұлғап шақырып тұр оған нақты жауап таба қою қиын. Ол сұрақтардың жауабын іздеу де шарт емес секілді, ол санамызда баяғы жыраулар поэзиясы дәстүріндегі риторикалық сұраудың бір көрінісі ретінде жаңғыратындай. Дей тұрғанмен, осы өлеңнің астарында өзгеше ой бар, бөлек бір байлам жатқан сияқты.
Символизмнің философиясы мен эстетикасы адамзат тарихындағы әр түрлі ілімдер негізінде қаланғаны белгілі. Олардың көзқарастарынан антикалық дәуірдің ғұламалары Платоннан бастап, кейінгі Ницше, Бергсондардың пайымдауларының іздерін аңғаруға болады. Символистер өнердегі әлемді танудың дәстүрлі идеясына өздерінің шығармашылық үдерісте әлемді қайта құру (өзгерту) идеясын қарсы қойды. Шығармашылық деген символистердің пайымдауынша шығармашыл-суреткерге ғана тән жеке адам санасындағы құпия ойлардың көрініс беруі. Ол құбылысты ақыл-оймен жеткізу мүмкін емес. Символизм қаламгерден затты не құбылысты ишаралап, астарлап жеткізуді талап етеді.
Мұрат үшін поэзия – тылсым терең сыр, сиқырлы әлем, ол ақын мен он сегіз мың ғаламның арасындағы диалог. Ақын өзі ұнатқан қызға да, айналасындағы жаны жақын адамдарға да, туған жер мен атамекенге де, аспан мен жерге де, су мен отқа да, талға да, сол талдан құлап жатқан жапыраққа да өлең арнайды. Табиғаттағы әр бір зат пен құбылыс ақын назарынан тыс қалмайтын сияқты. Бірақ, ол құбылыс ақын жүрегіне өзінің ізін қалдыру керек. Әр бір нәрсенің ақын санасында поэтикалық бейнесі, ойды қозғайтын болмысы болуы шарт. Сонда ғана ақын жырының нысанына айналған зат пен құбылыстың образдылық сипаты айқындала түспек. Ақын жырларында махаббат тақырыбы, өмір мен өлім мәселесі тереңнен толғай жырланып, жаңаша философиялық реңкке ие болады.
Жүдеме мұңды жүрек,
Жасыма өлең,
Барады сендей болып тасып әуен.
Бұлқынба, бұлықсыма һәм бұлданба,
Сенсіз де бір-біріне ғашық әлем.
Ақын пайымынша өлең тек мұңды жүректен ғана туатын қасиетті құндылық. Өлең мен жүрек егіз ұғым іспетті. Бірінсіз бірі жеке-дара өмір сүрмек емес. Сондықтан да автор өз сырын өлең мен жүрекке қатар арнайды.
Мұрат ақынның жалғыздыққа бой алдырған лирикалық менінің астарынан айнала қоршаған орта мен жеке адам арасында қалыпты байланыстың болмайтынын аңғаруға болады. Ақын өлеңдерін қанша жерден шығармашылық тұлғаның өзіне ғана тән ойы, жеке адамның субъективті көзқарасына ғана қатысты құбылыс деп қабылдағанымызбен ол бәрібір сол ақын өмір сүріп отырған заманмен, қоғамдық құрылыспен байланысты болып келеді. Өйткені, ақын шығармаларында өзі өмір сүрген дәуірдің кереғар қайшылықтары мен жүрек қалауымен қолдаған шындығын, өз замандастарының жинақталған ойын білдіреді. Мұрат лирикасында бүгінгі ұрпақтың тарихи тағдырларын, әлеуметтік-психологиялық портреттерін сомдаған.
Мұрат Шаймаранның шығармашылығындағы философиялық лириканы пейзаждық немесе махаббат лирикасынан, азаматтық лириканың өзінен түстеп айырып алу мүмкін емес. Онда нақты философияға құрылған лириканы кездестіру қиын. Таза философияны насихаттайтын поэзияның да болуы мүмкін емес. Өйткені, ол өнер. Сондықтан, онда көңіл-күй сипаты (эмоция), әсемдікке деген құштарлық басым түсіп жатады. Мұраттың қай өлеңін алмайық онда ой мен сезім қатар өріліп лирикалық қаһарманның таным-түсінігімен астасып кетеді. Әлхисса, оның философиясының өзі ақынның өзі таныған айнала қоршаған дүниеге деген сенімі мен көзқарастарының жиынтығы ретінде көрінеді. Оның поэзиясындағы философиялық мотивтер қызға ғашықтық, туған жерге деген махаббат, табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілік, оның сұлулығы мен гармониясы философиямен өріліп берілген. Ғалымдардың өзі философияны поэзиядан бүтіндей ерекшелеп тұратын белгінің жоққа тән екенін жазады. М.Шаймаран лирикасында адам мен әлем бір-бірімен гармониялық байланыста суреттеледі. Бұл ақын поэзиясының образдылық сипатын ерекшелей түседі. Оның лирикасының образдылық әлемі ұтқыр кейіптеулер мен метафоралардың жиынтығы іспетті. Ақын өз өлеңдерінде қарама-қайшы заттар мен құбылыстардың өзін бір ұғымға, бір текті құбылыстарға айналдырып жіберетіндей. Оның шығармаларындағы барлық жанды-жансыз тіршіліктің бәрі де лирикалық қаһарманмен байланыста бейнеленеді, тарихын тарқатады, мұңын шағады, сырымен бөліседі. «Мен жалғыз түп еменмін», «Ит», «Бота» т.б. өлеңдердің идеясынан біз оны анық аңғарамыз.
М.Шаймаран, мына, пенделік тіршіліктің әр бір құбылысынан, табиғаттың өзгерістерінің өзінен де өзіне ғана тән ой тауып, бұрын оң көріп жүрген пікірлеріміздің өзін кейде теріске шығарып жібереді. Ойлайсың, ойлайсың да ақын тұжырымының біздің рационалды ойымызбен сәйкеспесе де дұрыс екеніне қол қоясың. Себебі түпкі шындықты ақын жасырмай ашық айтады. Кез келген жақсы нәрсенің де уақыт өте келе жалықтырып, өзгеше сапаға айналатынына көз жеткізесің. Ақын «Түңілу» деген өлеңінде:
…Бәрі солай болатынын ұқтырып,
Қаңтар өтті, көзқарасы сұп-суық.
Жалған шырақ –
(Жана-жана білтедей)
Бітті үміт.
Табиғат пен адам көңіл-күйін қатар алып, салыстыра жырлайды. Қаңтардағы суық пен сықырлаған аяз, күннің қысқарып, түннің ұзаруы, ұзақ түндегі ой мен уайым, көктемнің шуағы мен жылуын күте-күте жалыққан бейдауа көңіл, қажыған үміт… Өлеңде солардың барлығы да бір-бірімен үйлесімді сипатта әсерлі бейнеленген.
Ақпан келер – асыққан бір жолаушы,
Сақа – көңіл, түспейсің-ау сен алшы.
Көбелек – қар, көз алдымды көлбемей,
Жоғалшы!
Негізінде табиғат туралы өлеңдерде көп жағдайда табиғаттың дүлей мінезі, ерекше құбылыстары суреттелетін болса, Мұраттың өлеңінде керісінше жылдың әр мезгілі туралы лирикалық қаһарманның көңіл-күйі, ондағы әрқилы өзгерістер, біз күтпеген шалт мінезі көрініс береді. Өлеңдегі «сақа көңіл», «көбелек қар» деген метафоралық тіркестер өлең айшығын одан ары әсемдеп, көркемдей түскен.
Тұман – жолдар,
Күмән – жолдар,
Тұл өңір,
Ақын –жүрек, жыла, жыла, жүде бір.
Аққа бояп сен әуре болғанмен,
Кір өмір.
Қазақта «жалған дүние» деген ұғым бар. Оның мәні мына жалғандағының барлығы да өзімізді өзіміз алдау, шын өмір ол – ана дүниеде. Үміт үзілген, ең таза деп саналатын көбелек қар да жирентіп жатса, өмір кір болса адамда қасиет тұтар не қалмақ? Өлең философиясының өзі өмірді сүюге емес, оның тек ұнамсыз жақтарын көрсетуге бағытталғандай. Неліктен?
Жауқазын боп құлақтары қалқайған,
Көктем келер, жаның жанып өрт ойдан.
Көктем бе бұл,
Көктемің де көк тиын!
Гүлдің бәрі қартайған.
Уақыт берген уағдасына сенерміз,
Сенерміз де уатылып, семерміз.
…Бәрі солай болатынын ұқтырып,
Келер күз…
Кеміреді кеудемді бір батыл-ән,
Кемерге ұрған толқынымды сапырам,
«Өмір – жалған!» соны біле тұрсам да,
Қия алмаймын, аһ ұрам…
Рас, бәрінен де түңілуге болатын сияқты, бірақ, сол үшін жалған өмірді қиып кету мүмкін емес. Өзіміз бәрін түсініп тұрсақ та, сол ақиқаттың жолымен жарық дүниені тәрк етуге дәрменсіз екенбіз. Ақынның айтпақ ойының өзі адам қанша жерден тырысса да, өз ойын қанша жерден дәлелдесе де мына дүниеде өз тағдырына толық қожалық ете алмақ емес. Адам өмірінің қожасы бір тылсым күш, яки, әлемдегі барлық бізге беймәлім құбылыстар алланың құдіретімен ғана болмақ. Ондағы өлім де, қайғы да, үмітсіздік те тура мағынасында емес, астарлы мағынасында суреттеледі. Ақын өзінің айтқысы келген ойын әр алуан құбылыстарға теңеп, тұспалдап жеткізуімен ерекшеленеді. Символизмнің мұндай қасиеттері М.Жұмабаев өлеңдерінде айқын көрінеді. Ал, Мұрат сол символизмнің кейбір элементтерін осы заманға лайықтап өз шығармаларында ұтымды пайдаланған. Оның да өлеңдерінің идеясын бірден тани қоюдың қиындығы осындай астарлы ойларының қалыңдығына байланысты деп ойлаймыз.
М.Шаймаранның лирикасын қазіргі қазақ поэзиясындағы әсемдігі мен әсерлілігі келіскен ерекше құбылыс деуімізге болады. Оның жырларының мазмұны философиялық ойға бай және форма жағынан толысып, кемеліне келген поэзия. Оның адам жанының терең сырын ашып, сезімін оятатын лирикасы қазақ поэзиясына қосылған үлкен олжа.
Жолдасбек МАМБЕТОВ,
доцент