05 қар, 2024 сағат 18:48

«Алаш қайраткерлерімен иық тіресіп, қызмет еткен қыз-келіншектердің шығармаларын жарыққа шығарсақ дейміз» - Баян Хасанова

Фото: massaget.kz
Осыдан 2 жыл бұрын 7 қарашада Қазақстанда тұңғыш қыз-келіншектерге арналған кітап шығаратын баспа құрылды. «Alqa publishing» деп аталатын баспаның мақсаты өзін дамытқысы келетін, оқуға құштар әйелдерге арнап кітап шығару. Бүгінде баспадан 15-тен аса кітап шығып үлгерді.

ULT.KZ тілшісі «Alqa publishing» баспасының бас редакторы Баян Хасановадан сұхбат алып, оқырмандарға ұсынылған жаңалықтарды біліп қайтты.

- «Alqa publishing» баспасы әйелдерге арналған кітаптар шығарумен айналысатынын білеміз. Неге осы бағытты таңдадыңыздар?

- “Алғашында әр-түрлі тақырыптарда кітаптарды шығарамыз, шетелден құқықтар аламыз, аударма жасаймыз деген ой болды және сол ойымызды жүзеге асыру үшін алғашқы кітабымызды АҚШ-тағы «HarperCollins» деген баспамен келісім жасап, Рейчел Холлис деген коучтың әйелдерге арналған кітабының құқығын сатып алып, жарыққа шығардық. Кейін, осы саланы зерттей келе, қазақ қыздарының да мықты екенін, мұндай кітапты біздің қыздар да жаза алатынын, олардың айтары бар екенін түсіндік. Ары қарай да тек шетелдік баспалармен ғана жұмыс істеп, шетелдің кітаптарын танытумен ғана емес, сонымен қатар еліміздегі әйел авторларды да жарыққа шығару керек деген ойға тоқтап, біздің қыздардың да кітаптарын басып шығарумен айналысып кеттік. 
Қыз-келіншектерге арналған кітап шығарумен айналысуымызға баспа саласында мықты меннеджерлердің бірі Раиса Сайран Қадыр идея тастады. Ол «қазір кітап сатып алуға қабілетті, өзін-өзі дамытқысы келетіндердің көбі қыз-келіншектер және соларға арнап, кітап шығару керек» деп кеңес берді. Бұл біздің осыған дейін сіңлілерімізге, замандастарымызға көмек қолын созсақ деген идеямызбен ұштаса кетті де, өте жақсы ақыл кеңес болып қызмет етті.”

- Сіздер жақында «Алқа» грантын тағайындаған болатынсыздар. Гранттың мақсаты «қазақ әйелінің заманауи келбетін ашу» екені айтылды.  Жеңімпазды қалай таңдадыңыздар?

- “Грант тағайындауға жоғарыда айтылған идеамыз түрткі болды. Қазақ әдебиетінде соңғы кезде повест жанры көп жазылмай, өте сирек кездесетін болды. Осы уақытқа дейін әдебиетте әйел образы ашылды, бірақ олар біздің замандастарымыз емес еді. Сол кездегі шығармада жазылған әйел образы қазіргі таңдаңғы әйелдердің өмір салтымен салыстыруға келмейді. Қазір заман өзгерді, жаңа заманның қыз-келіншектері өзгеше. Олар білімді, өз-өздерін және отбасын қамтамасыз ете алады және тәуелсіз болуға тырысады. Қыз-келіншектердің ер азаматтардан кем түспейтінін түрлі салада көріп жүрміз. Әйелдердің заманауи келбетін ашу мақсатында жаңа заманның қыз-келіншектерінің образы неге әдебиетте көрініс таппауы керек деген оймен “Алқа грантын” жарияладық.

Жеңіпмаздарды таңдау барысында біз әлі баяғы түпсанамызда қалыптасқан әйел образынан алыстамағанымызды түсіндік. Жеңімпаздарды анықтау барысында өзгеріске дайын, жаңа заманның әйелін барынша ашып көрсететін шығармаларға назар аударамыз.”

- Сіз үшін қазіргі қазақ әйелінің келбеті қандай?

- “Қазақ әйелінің келбеті дегенде, нақты бір әйелдің образын алып, бір прототипке жинақтау қате деп есептеймін. Біздің қоғамда түрлі әйел бар. Қазір білімге құштар қыз-келіншетер бар екендігіне қуанамын. Қазір жаңаша ойлайтын сіңлілеріміз өсіп келе жатыр. Жалпы алғанда, маған қазақ қызы дегенде білімді, өз тамырынан алыстамаған, өз бағасын білетін даму мен өнерге құштар әйел елестейді. Дегенмен маған осындай әйел елестейді екен деп, «барлығына сондай болыңдар» дегім келмейді. Өйткені, мінсіз адам болмайды. Әркім өзінің жан дүниесіне ләззат сыйлайтын іспен айналысу керек. ”

- Жақында баспаларыңыздан қазақтан шыққан алғашқы журналист әйел, ағартушы-педогог Нәзипа Құлжанова туралы кітап жарыққа шықты. Сол кітап туралы айтып беріңізші? Бұл кітап Нәзипа Құлжанованың өмірбаяны туралы ма, әлде басқа мазмұнда ма? 

- “Біздің баспада Нәзипа Құлжанованың “Қазақ әйелдеріне манифест” деген кітабі жарық көрді. Бұл кітапқа Нәзипа Құлжанованың қазақ газеттеріне жариялаған әйел теңдігі, бала тәрбиесіне арналған, одан бөлек психологиялық және медициналық мақалаларын жинақтадық. Кітапта Нәзипа Құлжанованың көптеген материалдары бар. Атап айтатын болсақ, бала тәрбиесіне, әйел теңдігіне, әйелдің қоғамдағы орнына арналған мақалалары жинақталған. Жалпы Нәзипа Құлжанованың «дала психологы» болғанын байқадым. Біз Нәзипа апамыз сияқты бола алмасақ та, одан үлгі алсақ, қазақ әйелдері апамсыз сияқты бір-біріне қол ұшын созып көмектессе екен деген ниетпен жарық көрген кітап.”