27 мау, 2018 сағат 08:21

Мұра және мұрагерлік

Ғасырлар бойы халқымыздың көңіліне көрік, жанына жігер, жүрегіне жалын дарытып, арман мен мұратқа, сенім мен үмітке үндеп келе жатқан асыл мұралары – өлеңі мен жыры, әні мен күйі. Оларды ұрпақтан ұрпаққа ұластырушылар: жыраулары мен ақындары, жыршылары мен әншілері, сазгерлері мен күйші орындаушылары.

Сұңғыла дала даналары тудырған өлең, толғауларда, терме, жырларда, ән мен күйде, аңыз бен әңгімеде, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерде халқымыздың жан сезімі, көңіл күйі, сан ғасыр басынан кешкен тарих іздері, даналығы мен дархандығы, жомарттығы мен жігер-қайраты, ар-намысы мен асыл армандары – бәрі-бәрі бейнеленген. Өз тарихы, өз өмірі, өз жан күйі суреттелген сол бір асыл мұраларды халқымыз не бір заман жадынан шығармай, жанына жалау етіп аялаумен келеді. Халық оларды қайғырғанда қол ұшын берер қамқоры, қуанғанда шаттығын бөлісер сырласы санайды. Асыл мұралар әсерімен рухы биіктеп, жігер-қайратқа мініп, өмір бойы жансерік етеді. Сайып келгенде «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» (Абай). Бұл қасиет өлең ғана емес, өнер атаулының бәріне ортақ, бәрінің құдіретті табиғатына сай келеді.

Халқымыздың ерекше қадірлейтін дарынды тұлғалары, қасиетті мұраларды тудырушы, жасаушы және келер күндерге ұластырушы таланттар – жыраулар мен ақындар, жыршылар мен сал-серілер. Замана көші ілгері жылжыған сайын әртүрлі өзгерістерге ұшырағанмен жыраулық, ақындық, жыршылық өнер халықпен бірге жасап келеді.

Халқымыздың сан ғасырлық тарихына көз жіберсек, жырау, жыршы ақын тұлғасын айқын тануға болады. Жырау – ең әуелі қолма-қол ағытылып жүре беретін ақпа төкпе, суырып салма ақын. Сонымен қатар, қысылшаңда жол табар, халық қамын ойлар ел ағасы, алдағыны болжар көреген-абыз, екі талай кезеңде қиын істің түйінін шешер, ханға да, қараға да бетің бар, жүзің бар демей келісті кесім айтар ауызы дуалы би, ел басына күн туғанда өзі бас болып жауға қарсы қол бастар батыр. Жырау заман, өмір мәні, адамдық өрелі істер сияқты елеулі ірі, іргелі мәселелерді толғаған.

Ақындар да суырып салма сөз зергерлері. Ауызекі шығарған ақпа ақындар атқарған қызметтер жыраулар міндетінен әлдеқайда шағындау. Олар жыраулардан гөрі күнделікті қарапайым өмірмен бетпе-бет, қоян-қолтық етене араласқан. Айтысқа түскен, әзіл-сықақ өлеңдер, терме, толғаулар, өлең, жырлар шығарған. Олар жыраулар сияқты көріпкелдігімен, билігімен, қол бастар батырлығымен таныла қоймаған.

Жыраулар да, ақындар да көбінесе, өз шығармаларын, өздеріне дейінгі ақын, жыраулар мұрасын, халықтық жыр-дастандарды ел арасында жырлап таратып, насихаттап отырған. Әрине, жыраулардың да, ақындардың да жыршылық өнерді машық етпегендері де болған.

Ал, жыршы өзі өлең, жыр шығармайды, жыраулар мен ақындар жырын, өткен мұраларды жырлайды. Жыршының аз білетіні де, ағыл-тегіл көп білетін айдындысы да болады. Халық телегей теңіздей халың мұрасын көп білетін, апталап, айлап жырлайтын айтулы, үздік жыршыларды «жырау» атаған. Ондай өнерпаздар өздері өлең, жыр шығаратын ақпа ақындығы болмаса да, табиғи қабілет-дарыны арқасында көптеген әдеби мұраларды өз қалпында, яки жаңғырта жырлаған. Бұлар, шын мәнінде, жыршы-жыраулар. Мұрын жырау, Сүгір жырау, Мұса жырау, Қарасай жыраулар – осындай таланттар. Кейбір жыршы-жыраулар жырлап жүріп, өздері де ағытылып кетеді. Ондай жырауларға Сүгір, Ұзақбайлар мысал бола алады.

Сыр бойы, Қарақалпақ елінде де ақын-жыраулар да, жыршы-жыраулар да болған. Сыр бойында Нұртуған, Жиенбай сияқты айдынды жыраулар өткен. Қарақалпақ елінде болған қазақ жырауларының айтулылары Қарасай, Өгізбай, Мәулімберділер еді.

Қазіргі кезде аз-кем өлең, жыр айтатын жыршыларды «жырау» атай салатын әдет пайда болды. Бұлай айту әдебиетшілерде де, ел адамдары арасында да бар. Бұл – жаңсақтық, түсінбестік, әйтпесе, жыршы деген ардақты атақтың несі кем? Әдеби мұраны келісті сазбен халыққа насихаттай білу қандай ғанибет!

Жыршы ақын боламын деп, орындаушы домбырашы сазгер боламын деп әрекеттену де көбірек кездеседі. Игі мұрат, абзал ой. Бірақ, шығармаң шынайы болса, әйтпесе, шалағай ақын, шамалы сазгерден озық орындаушылық артық емес пе?

Қырғыз елінде елге әбден танылып еңбегі сіңген, не үрдіс талантымен танылған айтулы жыршыға бір үлкен тойда ақсақал ақындар бата беріп, шапан жауып, ат мінгізіп «жырау» атандырады екен, қандай қадірлі дәстүр!

Қазақ халқының өнерді сүйіп, еркіндік пен махаббатты насихаттап өткен өнерпаздары сал-серілер еді. Олар шын сұлулықты, биік адамгершілікті ту етіп, заман қысымына қарсы шықты. Біржан сал, Ақан сері дәстүрін ақтөбелік Сары Батақұлы, Жайық бойының Аухат ақыны, Адайдың «жеті қайқысы» атанған Досат, Әділ, Шолтаман, Жылгелді, Өскенбай, Тұрсын, Тастемір сияқты сал-сері, әнші ақындар жалғастырды. Бұлар әрі ақын, әрі әнші, сазгер-күйші болды, бір басынан бірнеше өнер табылды. Бұлар ел аралап өнерді насихаттады, бас бостандығын аңсады. Дәуірдің өтпелілігін жырлады, шын сұлулықты ардақтады. Сал-серілер орыстардың мейрам-мерекелердегі күлдіргі кейіпкерлер-клоундар сияқты әлекей-күлекей, қызылды-жасылды киімдер киіп, түрліше ойындар да көрсеткен, үстем тап өкілдерінің әдейі қытығына тиген, бірақ оларды халық қатты қадірлеген. Сал-серілер мен әнші-ақындар мұрасы бүгін де халықтың қадірлі мұрасына айналды.

Әрине, бір өнерпаз бойынан ақындық, жыршылық, әншілік, күйшілік, композиторлық өнер табылуы театры, киносы, оркестрі жоқ өткен ғасырларда көп кездескен, ал қазір бұл өнерлер дараланып үлгерді.

Жазбалар мен жырларда, халық әңгімелерінде жыраулар мен ақындар, жыршылар мен сал-серілер, күйшілер мен сазгерлер қолданған сырнай, асатаяқ, даңғыра, керней, дауылпаз, дабыл, т.б. музыкалық аспаптар аталады, бірақ сан ғасырлар бойына қазақ өнерпазымен жан серік болған тұрақты аспап қобыз бен домбыра болған.

Музыкалық аспап өнерпазға қозғау салады, шабытын келтіреді, тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Қобыздың сырлы сазы, домбыраның сұлу үні сүйек-сүйегіңнен өтіп, жан пернеңді басып отырады. Мұңдай өнердің, өсері басым, болары аян.

Жыраулар мен ақындардың, жыршылар мен күйшілердің зерделі, ойлы, талантты легі әркез өзінің орындайтын жыр-күйін таңдап, береке-бірлік сияқты мәңгілік тақырыптарды жырлаған, өлең мен күйдің жасығы емес, асылын, мәні зор нағыз отты шоғын таңдап айтқан.

Біз айтып өткендей, ақын-жыраулар да, жыршы-жыраулар да, жыршылар мен өлеңші, сал-серілер де Маңғыстау, Атырау елінде аз болмаған. Еділ мен Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Елек, Қобда бойларында, Маңғыстау, Үстірт, Нарын елдерінде, Үстірт, Ақтөбе қырында талай айтулы ақындар өткен. Олар: Асанқайғы мен Шалгөз, Қазтуған мен Сыпыра, Доспамбет пен Жиембет, Махамбет пен Мұрат, Абыл мен Ақтан, Нұрым мен Қашаған, Есет пен Есенбақ, Байтоқ пен Боранбай, Шернияз бен Шынияз, Шәйтім мен Насихат, Марабай мен Көшелек, Мұрын мен Сүгір, Қарасай мен Мәулімберді, Әбубәкір мен Ізім шайыр, Құлмамбет пен Қоспақ, Аралбай мен Бала Ораз, Қырымқұл Өмір мен Шеркеш Өмір, Есентемір Досжан мен Алаша Досжан және Тама Досжан, Қашқынбай мен Досы, Елбай мен Түмен, Сәттіғұл мен Сұраубай, Нұрпейіс пен Құмар, т. б. Бұлар «әп» дегенде ауызға ілінер танымал таланттар. Ал бұл айтулы да айдынды ақын, жыраулар дәрежесіне жетпегенмен, өз ауылының, елінің, халқының жүрегіне жылу дарытып, өлең, жырды қадірлеп өткен көптеген өнерпаздар, өнерқұмарлар болған.

Бір өңірдің яки бір халықтың әдебиетін не өзге өнерін тек қана он-жиырма адам жасамайды. Айтулы адамдардың алды-артында бірі биік, бірі аласа бел-белестер сияқты көптеген өнер адамдары болады. Әдебиет, өнер арнасында айтулылар мен әлгі өнерқұмарлар қосылып, ерекше бір өнер жолын – өнер ағысын құрайды. Бірақ, әр дәуірдегі келер уақыт, саналы ұрпақ олардың бәрін ой елегіне салады, өз бағасын береді. Қай ақын қай дәуірге жете алады – оны талант тағдыры біледі.

Халқымыздың әдебиет айдынына қосылар әр өңірдің ағысты бұлақтарын – ақын, жыраулар мұрасын жинап, жариялау, бұрынғы белгілілердің белгісіз шығармаларын, бұрын белгісіз ақындардың өмірі туралы деректер мен жыр мұраларын іздеп табу – игілікті іс, ұрпақ парызы. Маңғыстау ақын-жыраулары мұрасын жинастырып, жинақ етіп жариялау осындай игі ниеттен туған.

Соңғы жылдарда республикамыздың әр өңірінен де көптеген кітаптар, кітапшалар жарық көре бастады. Оларда әр өңірдің билері мен батырлары, ақындары мен аңыздары сөз болады. Бірақ, сол кітап, кітапшалардың мазмұн-мәні де, көркемдік құнары да әрқилы. Халыққа ұсынуға келмейтін нәрсіз, мағынасыз нәрселер де кездеседі. Мұның қырсығы өзгеге тиеді. Біз неге осындай кітапшалар шығарып, ата-бабаларымызды дәріптеп атақ алмаймыз дейтін жалғандық пен даңғойлыққа итермелейді. Ақынның да, батырдың да ауылға белгілісі, елге танылғаны, халыққа қамқоры болғаны бар ғой. Бәрі-бәрінің деңгейі бірдей емес. Ауылдың ділмарын құлағынан тартып сүйреп әкеліп халық қамқоры етелік деу қисынға келмес еді. Мен бұл жағдайлар елдің есінде болсын деген ниетте жазып отырмын. Осы әңгімелердің бұл жинаққа қатысы бар да, жоқ та.

Сыр бойының «Ақтолғай» деген әні болушы еді, сол әннің «Барайын десем жер шалғай, бармайын десем ел қалды-ай» дейтін жолдары бар еді. Маңғыстау ақын, жыраулары жинағының қолжазбасын қарағанда, мен де осындай ауыр хәл кештім. Себебі, уақыт тығыз, жинақ көлемді. Әрбір шығарманы тесіле оқып, бұрынғы басылымдарымен салыстырып, қия кеткен тұстарын түзетіп, ал бұрын басылмағандарының тиісті, тура бағасын беріп саралап шығу оңайға түскен жоқ. Әсіресе, жинақтағы әрбір ақынға кіріспенің маңыздылығымен қатар шұбалаңдығы, әрбір шығарманың кімнен, қайдан жазылғандығы, қай кітаптан алынғандығы жоқтығы. Жиналған мұралар ішінде нәрсіз, өлеңдік қасиеті жоқ жолдар мен шумақтардың кездесуі, бұрын баспа бетін көрген текстердің өзгеріске, өңдеуге, жамап-жасқауға тап болуы мені қатты қинады.

Елді, әдеби мұраны жақсы көру бар да, сол рухани асыл қазынаны өнер ретінде тану бар. Мен өнерді қорлайтын өлеңсымақтарды қысқарттым, кейбір кіріспелерге анықтама жолдар қостым, өзгерген текстерді қалпына келтірдім. Иса өлеңдерінің бірқатарын жинаққа қосуға жолдадым, түсініктерінің шұбалаң тұстарын ықшамдадым. Бірақ, көзден қағаберіс кеткен мін-мүлтіктер болуы ықтимал. Бәр-бәрін тезден өткізу мүмкін емес, «мен де адаммын жаралған сүйек еттен» (С. Мұқанов).

Өркениетті елдерде көптеген ақындардың таңдаулы шығармаларынан құралған топтаманы «антология» дейді. Бұл жинақта бірі көбірек, бірі азырақ, әйтеуір қолға түскен шығармалар қамтылған. Халық игілігіне айнала берсін деген ниетпен бұрын жарияланбаған ақындар мұрасы көбірек берілген, оның оғаштығы жоқ. Сондықтан мұнымыз жинақ, ақындар мұрасының топтамасы.

Маңғыстау, Атырау ақын, жыраулары аз айтылған жоқ. Өмір туралы деректер де, шығармалары да жазылып, жарияланып, зерттеліп жүр. Айтылмағандары бірлі-екілі ғана. Осындағы ақын, жыраулардың көбі халық игілігіне айналды, зерттеушілердің, ғалымдардың еңбектерінде айтылатын болды, қаламгерлер олар хақында шығармалар жаза бастады, радио, теледидарда берілетін болды. Сондықтан «жиналмады, жарияланбады, зерттелмеді» деп ауызды қу шөппен сүртудің қисыны жоқ. Біздің құрастырушыға әркез айтатын ақыл-кеңесіміз – әр шығарманы қашан, қайда тұратын кімнен яки қай кітаптан алғандығын көрсетіп отыру, онсыз шығарма күмән туғызады. Ғылыми, адамгершілік әділет, әдеп, иба дағдысында сондай айқындықты қажет етеді.

Бұл жинақта Қалнияз, Түмен, Сүгір сияқты ақын, жыраулар мұрасы молырақ берілген, оның да себебі бар. Бұлар бұрын әнебір айтқандай баспа бетін көре берген жоқ. Рас, жекелеген өлең, толғаулары ғана жарияланған. Қалнияз шығармалары халық ақыны Қалбаевке жеткенше біраз жамап-жасқауға ұшырағаны байқалады. Маңғыстау, Қарақұм өңіріндегі «Ер Қармыс», «Көтібар ауылында», «Жаскілеңмен айтысы» өзге аймақтағы өлең, толғауларына қарағанда анағұрлым көркем де, келісті күйде.

Түмен мықты ақын, бірақ Түмен сөздеріне де босбелбеу жолдар біраз қосылғаны сезіледі. Көбейткеннен көрікті болмайды. Абай жинағын дайындау кезінде «Көбейтемін деп көбік қылып алмаңдар» деген екен данышпан М. Әуезов, даналық сөз, соны ұқсаңдар жарар.

«Түмен өлеңдерін жазбаған, ауызша ғана айтқан, себебі сол көз қарақұлақтарынан қорыққан» деген сөз қисынға келмейді.Тергеу Айдарқанов Түменнің карта сияқты көлемді қағазға жазған өлеңдерін көргендігін, өзіне де көшірткендігін айтып еді. Ендігі мәселе. сол қағаздарды табуда.

Сүгір шығармалары ел аузында әртүрлі нұсқада айтылады. Алдағы уақытта Сүгірдін, өзі жаздырған магнитофон таспаларын тауып, салыстыра отырып, өз айтқанын қалпына келтіру керек.

Бұл жинақ көпшілікке арналғандықтан әрбір түсініксіз сөзге анықтама берілмеген. Бірқатар ақындарда көбірек кездесетін «орыс» сөзін олар «патша» деген мағынада алған. Бұл сөзді «орыс халқы» деген ұғыммен шатастырмаған жөн.

Жинау, жариялау жұмыстарынан тәжірибесі аз болса да ақын, жыраулар мұрасын жинастырып, осы жинақты құрастырушы Жетібай Жылқышыұлының игілікті ісіне ризамын. Өз соңымнан жинаушы шыққанына қуанулымын.

Жұртшылық аяулы да айтулы ақын, жыраулар мұрасын азырқанбай, қуана қарсы алар деп ойлаймын.

Қабиболла СЫДИЫҚОВ