Лондонда Букер сыйлығына (The Man Booker International Prize) үміткерлердің шорт-листі шықты. Ресми сайт жеті жазушының есімін жариялады. Тізімге енген әр үміткер 1000 фунт көлемінде сыйақы алады. Ал жеңімпазға 50 мың фунт беріледі. Бұл сома автор мен аудармашыға теңдей бөлінеді. Жеңімпаз 14-ші маусым күні анықталмақ.
Осы орайда біз үміткерлерді қалың оқырманға таныстырып өтуді жөн санадық.
Матиас Энар. 45 жаста. Арабқа айналған француз.
Матиас Энар – жазушы, аудармашы (араб және парсы тілінен), университет профессоры. «Компас» (2015) романы арқылы Букер сыйлығына үміткерлер қатарынан табылған.
2015 жылы осы романмен Гонкур сыйлығын жеңіп алған болатын. Бұл - өз кезегінде Франциядағы ең үздік романға берілетін беделді сыйлықтардың бірі. Гонкурды өз заманында Анри Барбюс, Марсель Пруст, Эльза Триоле, Симона де Бовуар, Мишель Турнье мен Мишель Уэльбек алған еді.
«Компас» романы – жазушының оныншы кітабы. Кітапта аустриялық музыкатанушының Таяу Шығысқа сапары жайлы оқиға жазылады. AFP жазған рецензияда Энардың "Шығысты батыстық ойды қабылдауынан босатқысы келетіні" туралы баяндалған.
Энардың өзі ұзақ уақыт бойы Таяу Шығыста тұрғанын, араб және парсы әдебиетіне сүйіспеншілігі артып, араб бола бастағанын айтқан екен.
Давид Гроссман. 63 жастағы израильдік классик
Давид Гроссман – Израильде тұратын жазушы, публицист, бірнеше әдеби сыйлықтың лауреаты. Букер сыйлығына «Барға жылқы кірген күн» деген романымен үміткер ретінде тіркелген.
Гроссман философия мен театр өнерін зерттеп, радиода диктор болып жұмыс істеген. Оны "Израиль әдебиетінің классигі" деп те атайды.
Давидтің туыстары мен жақындары Холокост кезінде қайтыс болып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сол себепті де оның шығармашылығы осы тақырыппен басталады. Бір кездері ол сөз еркіндігінің шектелуіне байланысты тілші ретінде жұмыс істеуден бас тартып, шаралардың бірінде премьер-министрдің қолын алмай қойыпты.
«Барға жылқы кірген күн» романында зейнеттегі соттың стендап-комеди клубтағы бір кеші жайлы жазылады. Ал, көңіл көтеруге оны досы шақырған-тын.
Рой Якобсен. Ослодан шыққан 62 жастағы жазушы
Рой Якобсен – норвегиялық жазушы, Норвегияның тіл және әдебиет Академиясының мүшесі.
1990 жылдан бастап тек шығармашылықпен айналысады. Букер сыйлығына «Көрінбейтін» атты романы тіркелген. Бұл шығармада скандинавиялық шағын аралда өмір сүретін балықшының отбасы жайлы жазылады.
Амос Оз. 77 жастағы израильдіктің Иуда жайлы өзге әңгімесі
Амос Оз – израильдік жазушы, тілші. Франц Кафка және Гете сыйлықтарының лауреаты. Еврей және Оксфорд университеттерінде философия мен әдебиет сыныбында дәріс алған.
2009 жылы Оз Нобель сыйлығына басты үміткер ретінде қаралған болатын. Бірақ нәтижесінде сыйлық ол жылы Герта Мюллерге берілді.
Оз – солақай сионизм һәм радикальді-солақай көзқарастарымен танымал. 1967 жылы израил-араб қақтығысында Палестина аймағын еврейлік және арабтық екі мемлекетке бөлуді ұсынған болатын.
Букерге Оз «Иуда» («Иуданың Інжілі», 2017) романымен барады. Кітапта 20-шы ғасыр ортасындағы Иерусалим жайлы жазылған. Сонымен қатар, шығармада Иуда сатқын ретінде емес, Исаға берілген жақтасы ретінде танылады.
Дорти Норс және оның көлік жүргізуді үйрену жайлы романы
Шамасы бұл ТМД аймағына мүлде таныс емес үміткер деуге болады. Ағылшын тіліне оның шығармасы 2015 жылы аударылған. Оған дейін ол швециялық детективтерді аударып жүрді. Норс – The New Yorker жариялаған алғашқы даниялық автор.
The Guardian 2017 жылы «Айна, иық, дабыл» романына рецензия жазды. Бұл романмен Дорти Букер сыйлығына үміткер атанды.
Кітапта 40 жастағы әйел адамның көлік жүргізуді үйренгені жайлы айтылады. Бірақ әлгі кейіпкер реалды және "метафоралық" басайналу дертіне шалдыққан.
«Оның көлікпен айқасы – өмірдің айқын метафорасы», - деп жазады The Guardian.
Саманта Швеблин. 39 жастағы аргентиналықтың «дебюті»
Саманта сыйлыққа «Безгекке шалдыққан түс» атты романымен үміткер болып отыр. Бұл - оның ағылшын тіліне аударылған алғашқы көлемді кітабы. Романдағы оқиғалар желісі бір әйелдің ауыл клиникасындағы өлім аузында жатқан сәтінен басталып, ары қарай оның сол хәлге қалай жеткені баяндалады.
Бұл құрметті әдеби сыйлыққа қай жазушының шығармасы лайық? Ол сұрақты уақыттың еншісіне һәм сіздің талғамыңызға қалдырдық, құрметті оқырман!..
материалды дайындаған: Абзал Сүлеймен