21 қыр, 2019 сағат 08:31

Зүлфия Чиншанло әлем чемпионатында жүлдесіз қалды

Таиландтың Паттайя қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Зүлфия Чиншанло төртінші орынға ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

55 келіде салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 213 (93+120) келіні бағындырды.

Аталған салмақта бас жүлдені қытайлық Цуньюнь Ляо (227 келі) жеңіп алса, екінші орынды тағы бір қытайлық спортшы Ваньцунь Чжанқанжығасына байлады. Үздік үшінші орынға филиппиндік атлет жайғасты.

Естеріңізге сала кетейік, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының алғашқы күні ерлер арасындағы 55 келі салмақта қазақстандық Игорь Сон күміс жүлдегер атанған болатын.

Бұл әлемдік додада әйелдер арасындағы бәсекеде Зүлфия Чиншанлодан бөлек 71 келі салмақта Екатерина Быкова ел намысын қорғап жатыр. Ал ерлер арасында 8 зілтемірші бақ сынауда. Атап айтар болсақ, 55 келі салмақ дәрежесінде Арли Чонтей мен Игорь Сон, 81 келі салмақта да екі бірдей атлетіміз сынға түседі. Олар - Нижат Рахымов пен Айдар Қазов. Ал 89 келі салмақ дәрежесінде Денис Улановқа үміт артылса, 96 келі салмақта Илья Ильинге сенім артамыз. 109 келі салмақта Ибрагим Берсанов ел намысын қорғамақ.

27 қыркүйек күні мәресіне жететін жарыста ерлер мен әйелдер тоғыз медаль жиынтығын сарапқа салады.