«Бүгінгі елімізде жасалып жатқан ұлы істердің нәтижелі болуына ең кажетті нәрсе – сенім. Елге деген сатқындық ең алдымен оның болашағына сенбеуден басталады. Ал ұлы Абайдың, уайымшыл Абайдың болашаққа деген сенімін әсте жоғалтпағанын мына бір сөздерінен көруге болады: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап калады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», – дейді ұлы ақын.
Айтқаның келсін, жан баба!».
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында жасаған «Қазақтың бас ақыны» атты баяндамасынан
«Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.
Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Һакімнің 175 жылдығына арналған «Абай және ХХІ ғасыр» атты мақаласынан.
«Бүгін – ерте, ертең – кеш. Асығу зиян болса, кешігу – қауіпті». Адамзат тарихы осындай алды-артыңды болжап болмас әлеуметтік құбылыстар мен тарихи күнтізбелерден тұрады. Әлімсақтан! Көктен түскен киелі төрт кітаптың мұсылман баласының маңдайына жазылған мұғжизасын тәспі тартқан тақуалар қалай тәпсірлеуші еді? «Құдай тағала қаһарына мінсе күллі әлемді бір тарының қауызына сыйғызады…». Жұмыр жердің жұқанасындағы жұмыр басты пенде атаулы дәл осы күндері «бір тарының қауызына» қамалған шақ. Дүбірге толы дүниенің аспан мен жердегі ерсілі-қарсылы ағылып жатқан қозғалысы «тәжтажал» меңдегелі кілт тоқтады.
Қазақстан да алып жер шарының шағын ғана бір бөлшегі. Есік-терезеңді тас бүркеп, шекараңды шегендеп, ілгекке сом темір іліп қоятын тас дәуірі емес. Бармасаң, келмесең – елің жарылады, алмасаң, бермесең – демің тарылады. Жалпыға ортақ Ережені сақтау Байрағы бар мемлекеттердің міндеті. Ғалам түшкірсе – түкірігі жан-жағына шашырамай тұрсын ба? Сын-сағат біздің елге де жетті, өкінішке қарай.
Оңашаландық. Бастауыш сыныптың бағдар-ламасымен басы қатқан бала-шағамен бетпе-бет қалдық. Таң сібірлеп кетіп, түн жамылып келіп, кеңсірігімізге су жетпей жүргенде бақшадағы қызымыз, оқудағы ұлымызбен ошарыла отырып мәжіліс құруға бұл да бір күтпеген мүмкіндік екен.
Осы бір аумалы-төкпелі күндерде мен қоғамымызда айрықша орны бар, сөз бастаса халықты ұйытар шешен, көш бастаса елді ертер көсем, руханият әлеміндегі әйгілі тұлғалар хақында, бір сөзбен түйіп айтқанда зиялы қауым дейтін үркер жұлдыздай жұртты көп ойладым.
Қай дәуірде де, қандай тарихи кезеңде де қоғамның негізгі қозғаушы күші – ЗИЯЛЫЛАР! Қағанның қабылдайтын шешіміне Тұлғаның ықпалы аз болмағанына тарих куә. Көк Түріктер дәуіріндегі Білгенің білгенін бітіктасқа бәдіздеген Тоныкөк ЗИЯЛЫНЫҢ басы һәм эталоны еді. Кешегі Алтын Орда мен бүгінгі Ақ Ордаға дейін Қазақ Елінің жүріп өткен күнгейлі-теріскейлі тарихында қара халыққа жарық сыйлап, жол нұсқаған, үмітін үкілеп, жігер берген Тұлғалар жетіп артылады.
Мақаламызға сөз басында Елбасының оймақтай ғана ойын неге шаңырақ тұттық? Рас, ұлы Абайдың 150 жылдығында, Тәуелсіздіктің сонау елең-алаң шағында, осыдан тура ширек ғасыр бұрын Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың бас ақыны» деп ұлы мінбеде өзі тебіреніп баяндама жасады. Сол баяндаманың бағдарын жұрт күні кешеге дейін жыр ғып айтып жүрді. Сол бір күндері дүние дидарын көрген перзент бүгін ат жалын тартып мініп, ел ісіне араласа бастады. Адамзат ақыл-ойына Ұлы Даладан ат қосқан дана Абайдың бір жарым ғасырлық тойындағы Көшбасшының көшелі сөзі – ұлт ЗИЯЛЫЛАРЫНА деген сенім мен құрмет, ел болашағына деген темірқазық болатын. Қаз-қаз басқан Қазақстанның көшін бастау тарихи жауапкершілігі қос иығына түскен Тұңғыш Президент алғашқы сәт-сағаттардан бастап тиісті мемлекеттік шешім қабылдар қарсаңда ел ағаларымен, әдебиет пен ғылымдағы көрнекті тұлғалармен жүздесіп, кеңесіп, келісіп отырғаны баршамыздың жадымызда. Бұл да Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарындағы идеологиялық кеңістіктегі серіктеріне, Алаш зиялыларының ізіндегі лайықты ізбасарларына сенім болса керек. Сенімге селкеу түсірмей, ұлт болып қалыптасып, жұрт болып жұмылу жолында ақ жағасын кірлетпей кеткен Алаштың сол Алатаудай Ақсақалдарының көбі бүгінде арамызда жоқ. Олардың рухы шат болсын!
Мұны неге айтып отырмыз?
Таяуда бір басылымнан есімі елге мәлім, дүйім жұрт зиялы қауым санатына қосатын үлкен қаламгеріміздің шенеуніктер туралы мақаласын оқып айран-асыр болдық. Мақтайтын тұлғаларын атын атап, түсін түстеп, тізіп отырып дәм-тұзын келтіріп, ал даттайтындарын жалпылама бір қораға тығыпты. Әсілі, ол кісі айтқаны өтіп, атқаны жетіп, Ақорда мен Үкімет үйінің дәлізін қалаған уақытында ашып-жауып жүрген адам. Бірақ, мақаланы оқып болып, айтатын адамына жолыға алмай жүрген жанның кейпін көрдік. Көрдік те, «осы ақ қағазға қара сиямен жазған жанайқайын бас қала мен аймақтардағы үйлерде жүргенде неге айтпайды екен? Әлде… әлгінде дүбірлеп өткен шығармашылық кеште бір ақау кетті ме» деген ойда қалғаным рас. Осы жағдай бүгінгі «зиялы қауым» дейтін атынан ат үркетін әлеуметтік топты көз алдыға әкеліп, тағы да ойландырып тастады… Сосын… сосын еске ертеде болған бір оқиға түсті. Сол бір жағдай туралы аракідік ойлап қоятынмын. Осы жолы аз-кем таратыңқырап жазудың реті келіп тұрған секілді.
2002 жылдардың басы болу керек. Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда, Медеу шатқалына барар жолдағы мәлім шипажайлардың бірінде еліміздің әдебиет пен өнердегі, білім мен ғылым саласындағы көрнекті тұлғалармен ашық кездесу өткізді. Қоғамдық-саяси өмірдің қызуы кенет көтеріліп, түрлі саяси ұйымдар әр тұстан ұя басып тұрған кез еді. Ол кезде елімізге аты мәлім үлкен басылымда тілші болып қызмет ететінмін.
Әлеуметтану ғылымының иін қандыра илеген теоретиктер зиялылардың жауапкершілігін – Азаматтық, Саяси және Тарихи жауапкершілік деп үш санатқа жіктеп, жіліктепті. Осы орайдан келгенде, абыздың бұл қанатты сөзі – әлбетте, нағыз мемлекеттік жауапкершілікті сезінген ЗИЯЛЫНЫҢ ұлтқа ұстын болар ойы.
Президентпен зиялы қауымның кездесуіне журналистер жаппай жіберілген жоқ, үш-ақ тілшіге – «Хабар» агенттігі, «Франспресс» тілшісі және осы жолдардың авторына ғана рұқсат беріліпті. Діттеген орынға айтылған уақыттан ертерек барып тұрдық. Жиын келісті бір мәжіліс залында белгіленген мерзімнен сәл ғана кешігіп басталды. Әдебиетіміздің даңқты тұлғаларынан бастап академиктер, театр қайраткерлері, мәдениеттің көрнекті тұлғалары, кім жоқ дейсіз, бәрі бар. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзбұйдаға салмастан мәселені төтесін қойды.
– Құрметті ел ағалары! Сіздермен түрлі жағдайларда жекелей де, ұжымдасып та жиі кездесіп жүрміз. Ал дәл осылай барлық саланың көшін бастап жүрген аға буын мен ортаңғы толқын, кейінгі буын көптен бері бас құрап, әңгімелескен жоқпыз. Сіздерді бүгін арнайы шақырып отырмын.
Мемлекет құру оңай шаруа емес. Бабалар аманатын орындау жолында аянбай барымызды салып жатырмыз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылын түйіндедік. Жаңа белестерге қадам басып отырмыз. Әлем әр сәт сайын құбылып тұр. Бәрін оқып, біліп, қарап жүремін. Түрлі мінбелер мен жиындарда, тәуелсіз ақпарат құралдарына берген мақала, сұхбаттарыңызда айтып жүрген ойларыңызды бетпе-бет отырып тыңдауға келдім. Ойларыңызды бүкпей ортаға ашық айтыңыздар! «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Ақылдасайық, кеңесейік. Сіздер билік пен халықтың ортасындағы алтын көпірсіздер ғой. Бәлкім, үкіметтің тарапынан кетіп жатқан кемшіліктер бар шығар… Идеологиялық салада жіберіп жатқан олқылықтарымыз бар ма? Бізге сенім артып отырған халықтың осы елден басқа барар жері жоқ. Қаншама жылдар бодан болып келдік қой. Ал өзгенің қас-қабағына қараған кезеңдерді сіздер менен жақсы білесіздер. «Өз алдымызға ел болдық» деп бөркімізді аспанға ата бермей, қоғам көшіндегі түйткілді сауалдардың жауабын бірге іздейік. Сондықтан, мен сіздерді мұқият тыңдайын, жолымен, ретімен сөйлеңіздер! Бәрі ашық болсын, – деді.
Расында көрсең көз тоятын әр саланың саңлақтары, жалпы саны алпыс қаралы адам. Ашық микрофон. Кім не айтам десе де ешкімнің аузын бумаған алқақотан бір жиын еді. Ұзын-ырғасы үш сағаттай болған кездесуде демімізді ішке алып отырып бәрін тыңдадық. Ал не болды? Шетінен бірінің сөзін бірі қиып, микрофонға таласқан тарландардың тірлігі сол шақта жас тілшінің жанын жабырқатып-ақ тастады… «Халық жазушысы» дейтін атағы дардай мәшһүр қаламгеріміз «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп, мадақтан мұнара тұрғызғанда басқа түгіл Елбасының өзі қызарып, қысылып қалды. «Сіздер мұнда мені мақтау үшін келген жоқсыздар ғой, елдің жағдайына ойысайық…» деп кезекті рет ескертті. Орайлы сәтті үлкен үй өзі туғызып тұрғанда бәрін жинап-теріп қойып, солқылдатып, соқтасын шығарып айтатын сәт еді, амал жоқ… Тіл мен Арал проблемасының тағдырын ширек ғасыр талғажау етіп келе жатқан әйгілі ақынымыз екі қолын бағындыра алмай, екіленіп, микрофон бермей өлең оқысын… Оның өзін Президент арқан керіп зорға тоқтатты. Бір тарихшы ағамыз ата-бабасының тарихын айтып елдің берекесін алды. Прозалық шығармалары ел көңілінен шығып жүрген үлкен бір жазушымыз микрофон алғанда мәжілісті ұйымдастырғандар едәуір үміттеніп қалып еді, өзінің жеке басының шаруасын күйттеп, жиналысты жайма базар қылып ол кетті. Бірі аға буынның атқарған ісін жоққа шығарып әлектенсе, екіншісі өзінен кейінгі толқынның тіршілігін отап әуре болды.
«Жастардың жағдайын айтады» деген жас қайраткер тілі аузына сыймай тәмәм елді тәтті сөздермен тамсандырып барып орнына отырды. Несін айтасыз? Мәжілістің мақсаты орындала қоймады. Есімде қалғаны – сол қалың топтың ішінде ел күткен әңгімені айтқан адам бір-екеу ғана. Атын атап, түсін түстеу керек болса, айтайын: Қазақ тілінің жағдайын шырылдап айтқан жазушы Смағұл Елубай және батыс өңіріндегі мұнай саясатының ашықтығы хақында пікір білдіріп, сауал жолдаған қоғам қайраткері Мұрат Әуезов. Иә, сол жиында бүгінде мұхиттың арғы жағында тұратын әйгілі Мұхтар Мағауин де болған. Ол кісі ләм-мим деместен бастан-аяқ мұқият тыңдап қана отырғаны есте. Сол кезде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев ағамыз еді, әртүрлі саяси қызметтерде жүріп әдеби ортадан алыстап қалған әйгілі жазушы дәл сол күні өз әріптестерінің ішкі мәдениетіне қайран қалып, тіпті ұялған да шығар. Күні кеше ғана арамыздан кеткен аса көрнекті қайраткер, ұлт әдебиетінің интеллектуалдық көкжиегін әлемдік деңгейге көтерген классик жазушы Әбіш абыз: «Жұрттың бәрі жабыла мақтап жатқанда мақтау – кез-келгеннің қолынан келеді. Мықты болсаң – мақтамай көр! Бәрі жаппай даттап жатқанда даттау да – кез-келгеннің қолынан келеді. Мықты болсаң, даттамай көр!
Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгінің көңіліне қарамасақ, ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?!
Бабалар айтқандай, өлі риза болмай, тірі байымайтынын, ағаның назары жығылғанынан – інінің базары тасымайтындығын, алдыңғының ынсапсыздығы – артқыны имансыз ететінін, үлкеннің жолын кескеннің – көрінбей қаларын, кішінің жолын кескеннің – көмілмей қаларын бір сәт те естен шығармайтын тұс – қазіргідей өтпелі кезең, өлара кезең.
Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым – азат бола алмайды. Ел тілегі бір-бірімізге көзіміз түзу болғанда ғана түзеледі» – деген көсемсөзін қойын кітапшасына сондай бір көңілі қалған жиыннан шаршап шыққанда жазды ма екен? Қысқасы, сол бір қан-сөлі қашқан жиыннан кейін газетке «Екіжүзділер» дейтін көлемді мақала жазғаным әлі жадымда.
Ханның алдында аузының дуасы қашып, масқара болған, қараның алдында бір-бірімен бетін тырнап жағаласқандарды жұрт қалай жақсы десін…
Бейнелі түрде айтатын болсақ,ұлт руханиятында барлық жол Жидебайға апарады. Қаймана жұрт бар мен жоқтың, аз бен көптің жауабын әр кезде Абай жазып қалдырған жалғыз кітаптан тапқан. Әрине, Абайдағы ұлы болмыс тақыр жерден өнген жоқ.
Далалық өркениеттің аса ірі тұлғасы, бәлкім көшпелі дәуірдің ақырғы рыцары Құнанбай – тағдыр-талайымен, туғаннан өткенге дейінгі қоғамдық-әлеуметтік һәм саяси кеңістіктегі жармақ болмысымен өз дәуірінің саяси тұлғасы ғана емес, аса ірі зиялысы болды.
Алпыс екі тамырын мұсылман өркениеті буған, ал қос бүйірін ұлы даланы уысында ұстаған патшалық Ресейдің ықпалы бүрген, артындағы елі жік-жікке бөлініп дай-дай болған аға сұлтан сол дәуірде соңынан ерген халықты қай биікке бастау керек еді? Абайдай данышпан ұлды дүниеге әкелгені үшін емес, қайшылықтар қақпанында тағдыр кеше жүріп бүтін бір дәуірдің көш басында тұрған Құнанбайды қоршаған орта алғаусыз қабылдады дей аласыз ба?
Қалай десек те, сол бір басына ас құйып, сабына қарауыл қойған, шенін беріп жүріп шеңгеліне алған Ақ Патшаның заманында аға сұлтан көшпелі халықтың көсегесін көгертуді бірінші кезекке қойғанына шүбәсіз бәс тігесің. Осы Ұлы дала өркениетінде қалыптасқан зиялылық жауапкершілігі барлық кезеңде атадан балаға дәстүр сабақтастығы ретінде жалғасқан. Бертіндегі балталасаң бөлінбес ұлттық идеяға бірігу жолында басы жадыда кеткен Алаш зиялыларының арман-аңсарын тақталап жатпайық.
Өткен ғасырдың басындағы қадам мен аяғындағы нәтижені Тәуелсіздік декларациясына қол қойған Нұрсұлтан Назарбаев: «Алаш қозғалысының ХХ ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр», – деп түйіндеген.
Құдайға шүкір, босқан жұрттан бостан елге айналдық.
Алайда тағы сол Кекілбайдың Әбіші айтқандай, «Бостандық – ұлтты бодандықтан да артық сынайды…» екен.
Әлеуметтану ғылымының иін қандыра илеген теоретиктер зиялылардың жауапкершілігін – Азаматтық, Саяси және Тарихи жауапкершілік деп үш санатқа жіктеп, жіліктепті. Осы орайдан келгенде, абыздың бұл қанатты сөзі – әлбетте, нағыз мемлекеттік жауапкершілікті сезінген ЗИЯЛЫНЫҢ ұлтқа ұстын болар ойы.
Әлеуметтік желі әмірін жүргізіп, самаурыннан су ақса «Самарқанды су алды» деп тұрған осы бір кезеңдерде бізге ең әуелі ұлттық жауапкершілікті үштағандап сезінетін Тұлғалар керек еді. Алайда, олардың қатары күн санап сиреп барады… Әрине, аға буынның ішінде мемлекеттің ертеңіне алаңдап, елдік мұрат жолында өзінің байсалды сөзін қоғамдық және ресми деңгейде айтып жүрген байыпты Тұлғалар жоқ емес, бірақ аз. Ал, тіл мен ділді, жер мен шерді желеу етіп мінбелерді тоқпақтап, ағаш атқа мініп алып, «аңқау елге арамза молда» болып жүрген популистер көбейді. Көнетөз костюмін заманауи смокингке ауыстырған олардың негізгі нысанасы – ресми тұлғалар. Үкімет мүшелері, аймақ басшылары. Сонда қалай? Ойымыздағы бақай есебіміз жүзеге асқанша қолында билігі бардың ізінен қалмай, ал ойындағысы болмаса ақ жағалылардың жүзі қара болғаны ма? Бұл күнде қызыл кітапқа еніп бара жатқан асыл қасиет – ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ өлшемі осы ма? Сахнада ханның рөлін сомдаған күндері біраз уақыт образдан шыға алмай патша болып жүріп, ал ақ қағазға қараның болмысын қашаған кезде неге құлдық ұрамыз? Неге мемлекеттік жүйелеу мен қоғамдағы атқарылып жатқан жұмыстардың ағын – ақ, қарасын – қара деп, бастан жақты айырып айтып бере алмаймыз?
Түрлі әлеуметтік желілер мен порталдарда, тіпті дәстүрлі басылымдарда айқайға аттан қосып жүретін ел ағаларын көргенде көңілің су сепкендей басылады. Жүрегің мұздайды. Тынышың қашады.
Анығында, аса жоғары деңгейде қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың тегеурінімен қаншама шаруалар атқарылып, халық қамы үшін жасалған жанқиярлық еңбектің нәтижесінде қоғам көші ілгері жылжуда. Жүйелі реформаның арқасында қоғамның тамырына қан жүгіріп тұрғаны анық қой.
Әлеуметтік желі әмірін жүргізіп, самаурыннан су ақса «Самарқанды су алды» деп тұрған осы бір кезеңдерде бізге ең әуелі ұлттық жауапкершілікті үштағандап сезінетін Тұлғалар керек еді. Алайда, олардың қатары күн санап сиреп барады… Әрине, аға буынның ішінде мемлекеттің ертеңіне алаңдап, елдік мұрат жолында өзінің байсалды сөзін қоғамдық және ресми деңгейде айтып жүрген байыпты Тұлғалар жоқ емес, бірақ аз. Ал, тіл мен ділді, жер мен шерді желеу етіп мінбелерді тоқпақтап, ағаш атқа мініп алып, «аңқау елге арамза молда» болып жүрген популистер көбейді. Көнетөз костюмін заманауи смокингке ауыстырған олардың негізгі нысанасы – ресми тұлғалар. Үкімет мүшелері, аймақ басшылары. Сонда қалай? Ойымыздағы бақай есебіміз жүзеге асқанша қолында билігі бардың ізінен қалмай, ал ойындағысы болмаса ақ жағалылардың жүзі қара болғаны ма? Бұл күнде қызыл кітапқа еніп бара жатқан асыл қасиет – ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ өлшемі осы ма? Сахнада ханның рөлін сомдаған күндері біраз уақыт образдан шыға алмай патша болып жүріп, ал ақ қағазға қараның болмысын қашаған кезде неге құлдық ұрамыз? Неге мемлекеттік жүйелеу мен қоғамдағы атқарылып жатқан жұмыстардың ағын – ақ, қарасын – қара деп, бастан жақты айырып айтып бере алмаймыз?
Ал ел ішін алатайдай бүлдіріп, арзан атаққа үйір кейбіреулер топ құрып, тобыр ертіп, ақ жағалыларды «Атқа жеңіл, тайға шап» етіп, ойындағысы орындалмаса үшбу хат жазып, орынды-орынсыз жүндей түтіп, көкпарға салып жатады. Жер-жебіріне жетіп, жекен суын ішкізіп, мемлекеттік қызметкерлердің сорабынан сахар қайнатып, көлденең жұртқа «батыр» болып жүргендердікі баяғы сол жеке бастың бақай есебі секілді елестейді. Сөйте тұра буын алмасу, жаңа ұрпақтың тұлға болып қалыптасуы, мемлекеттік істерге араласу жауапкершілігін талап етеміз. Ал мұндай «жаптым жала, жақтым күйе» тіршілікті көрген жас буын ел қызметіне араласуға батылдары бара ма?
Сол «әлеуметтік тапсырыстар» буынына түсіп, қалың елдің қолымен күбі пісіп жүргендер ұлтты ұшпаққа шығарады дегенге екі дүниеде ел сене ме?
Тілдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген «тіл жанашыры» бауырынан өрген перзентімен қай тілде сөйлеседі? Тұлғаның абырой-беделі марапаттар мен мерейтойлық гүлдестелердің, жабылған шапан мен босаған аяқ-астаудың қалтарысында қалып кеткен жоқ па? Ақ үйге жолы түссе үлкен ұлына қызмет сұрап, Үкімет үйіне кірсе кіші ұлының мәнсәбын реттеп, өзінің әлеуметтік қажеттілігін аймақтарға жүктеп қойып, жергілікті әкімшіліктің басына әңгір таяқ ойнатып жүретіндер ұлттың жоғын түгендейді дегенге кім иланады?
Мақтангершілік пен атаққұмарлыққа мастанып, бес күн жалғанда үш ауыз сөз артық айтып, бір-бірін сотқа сүйреп күлкі болып, сүйкімі қашып жүргендер кім? Қазақта «Аяғы лас есіктен төрге дейін, Аузы лас бесіктен көрге дейін былғайды» деген мәтел бар. Өкінішке қарай, келместің кемесіне мініп кеткен тұлғаларға тас ататын жаман әдет пайда болды… Аты дардай ағаларымыздың тасқа басып қалдырған сол «мұраларын» кітап оқитын жастарға не деп ақтауға болады?
Осы тұста, Елбасымыздың кешегі «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында өз үндеуін баршадан бөліп-жарып, ең алдымен ЗИЯЛЫ ҚАУЫМҒА арнауы да тақырыбымызға тұздық болады. Тұңғыш Президенттің «Халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді» деп, зиялы қауымға айрықша сенім артқаны да ЗИЯЛЫЛЫҚ ЖҮГІН сездірсе керек-ті.
Жыл басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Қай дәуірде болсын елдің көшін бастаған басшылар, рухани тұлғалар Абайды ұлттың рухани бағытын нұсқайтын Темірқазық жұлдызына балаған. Мемлекет басшысы сол мақаласында: «Абай бабамыз айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басайық», – деген емеурінді ертеңге апаратындар кім?
Демек, бұл бірінші кезекте Тәуелсіздік идеясын әрбір жүректе маздату мақсатында өзінің жүрек сөзімен ісі үндес әр саладағы ат төбеліндей ұлт зиялыларына, екінші кезекте «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп күллі халыққа тасталған ұран деп қабылдаған абзал.
Бізде басқа ел де, жер де жоқ. Осынау ұланғайыр жерді мекендеп отырған ұлт пен ұлыстың көзінің ағы мен қарасы, жалғыз Отаны – Қазақстан!
Біз өзіміздің ұл-қызымызға қандай қоғам қалдырсақ, кейінгі буын келешекке сол қоғамды алып барады. Дәл осы парыз бен қарызға құрылған ұлттық мұрат жолында ең бірінші ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ маңызды.
P.S.
Бірде қазақтың батыр ұлы, ауған соғысының аңызы болған генерал Бақытжан Ертаевпен сұхбаттасуға бардым. Басынан аумалы-төкпелі кезең өтіп, шетелге астыртын сатылған «МиГ-21» ұшағына байланысты шақшадай басы шарадай болып, нақақ жалаға ілініп күйіп жүрген кезі еді, кейін тап-таза болып шықты. Ең жоғары «Халық қаһарманы» дейтін марапатқа ие болды. Сөз орайы әскери тұлғаның негізгі ұстанымына ойысқан. Сонда генерал: «Мені жұрт батыр дейді,ал батырдың міндеті Орданы,сол Ордадағы тақты қалтқысыз күзету! Ант қабылдаған адам мундиріне шаң қондырмау керек» дегені әлі күнге жадымда. Бұл – жауапкершіліктің, кісіліктің жарқын үлгісі емес пе?
Жанарбек ӘШІМЖАН,