01 ақп, 2023 сағат 09:21

"Жұртшылық бостан-бос шағымданбайды" - Мусин интернет сапасы жайлы

ЦДИАӨМ баспасөз қызметі

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин байланыс сапасының проблемалық мәселелері бойынша байланыс операторларымен жиын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ведомство басшысының айтуынша, тұрғындардың байланыс сапасына қатысты шағымы артып отыр.

«Бүгінгі таңда интернет - бұл әлеуметтік қажеттілік, оны адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі деп айтуға болады. Біз тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге міндеттіміз», - деді Бағдат Мусин.

Министр бұл мәселе тек ауылдарда ғана емес, Астананың сол жағалауының орталық көшелерінде де өткір тұрғанын атап өтті.

«Жұртшылық бостан-бос шағымданбайды. Астанадағы Тұран даңғылына шықсақ, байланыстан ажырап қалатын кездер болады. Манхэттен, SAT City тұрғын үй кешені және КАЗГЮУ аумағында байланыс сапасы нашар. Сіздер бұл жақта көпқабатты үйлердің көп емес екенін түсінулеріңіз керек. Бұл мәселені бірлесіп шешуіміз қажет" - деді ол.

Бағдат Мусин өзара іс-қимылды күшейтуді және техникалық қызмет басшыларымен, құрылыс компанияларымен, жер иелерімен тығыз байланыс орнатуды, сондай-ақ жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, проблемалық жер учаскелерін анықтап, мәселені әкімдікпен бірге сол жерде шешу қажет.

Министр операторларға да байланыс сапасына қатысты мәселелерді уақытылы шешуді тапсырды.

"Біз реттеуші ұйым ретінде айыппұлдарды салуды тоқтатпаймыз, бірақ менің ойымша, бұған басқаша қырынан қарауымыз керек. Яғни, келіссөздерге келіп, әр тақырып пен бағыт бойынша мәселелерді бірлесе шешкеніміз жөн", - деп қорытындылады Мусин.