25 қаң, 2018 сағат 11:26

Жүрсін Ерманмен айтысқа қатысты үлкен жоспарымыз бар - Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтыс төңірегіндегі түйткілді сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері министрден: «16 облыста айтыс өткізілді. Ал соның жеңімпаздарымен «Алтын домбыра» айтысы неліктен өтпей қалды? Жүрсін Ермандар неге басқа айтыс өткізді? Осыған қарағанда айтыс екіге бөлінгені ме?», - деп сұраған еді.

«Әрине, айтыс - біздің төл дәстүріміз. Қазіргі кезде Қазақстанда кеңінен дамып келе жатыр. Айтыс - жекелеген тұлғалардың меншіктеп алған кәсібі емес. Ол - бүкіл халықтың,  қазақ халқының рухани байлығы. Сол себепті біз қазір айтысты аймақтарда ұйымдастырамыз. Мәселен, Ақтөбеде, еліміздің басқа да аймақтарында өтті», - деді ол.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктер айтыс қазылар алқасының төрағасы кім болатындығын, алқаға мүше болып кімдер шақырылатындығын шешіп, оны министрлікпен келіседі. Жалпы, қазылар алқасын белгілеудің арнайы ережесі  де бар.

«Ал Жүрсін Ерманға келсек, біз ол кісіге үлкен құрметпен қараймыз. Өздеріңіз білесіздер, ол кісі желтоқсанның 28-29-ында Алматыда айтыс өткізді. Сол кезде хабарласып, министрліктен қандай көмек керектігін сұрадық. Былайша айтқанда, ол кісімен бірге айтысқа қатысты жұмыс істеуге үлкен жоспарымыз бар», - деді министр.

Оның айтуынша, Ақтөбедегі айтысқа еліміздің 16 өңірінде ұйымдастырылған айтыстың жеңімпаздары қатысқан.

«Айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Теледидардан да көрсетілді», - деді ол.