Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факульетінің Т.Қожакеев аудиториясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, республикалық «Ақиқат» журналының 100 жылдығына арналған журналистер арасында VII Шахмат турнирі өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Турнир швейцар жүйесі бойынша ұйымдастырылып, жеті турдан тұрды. Үш сағатқа созылған сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдеге Алматы облысы Қаратал аудандық газетінің тілшісі Асхат Өмірбаев қол жеткізді.
І орынға – «Tengri» тілшісі Тілек Абдрахимов, ІІ орынға – Хангелді Әбжанов, ІІІ орынға – Данияр Сейсенбаев («Жетісу» телеарнасы) лайық деп танылды. Бас жүлде иегеріне турнирдің Кубогі, жүлдегерлерге мерекелік медальдар тарту етілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан арнайы сыйлыққа турнир қатысушысы Дәурен Мұқанов ие болды. Аталған сыйлықты журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев тапсырды. Журналист Арман Әубәкір («Адырна» порталының бас редакторы) «Аманхан Әлімұлы атындағы» арнайы жүлдеге ие болды. Аян Нысаналин, Зейнел Жекейұлы «Ардагер ойыншы» аталымы бойынша марапатталды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы Дәурен Дариябекке (Ақпарат комитеті басқармасының бас сарапшысы), «Көрермен көзайымы» Гүлвира Биғалиеваға («Тенгриньюс» сайты), «Ынталандыру сыйлығы» Набира Алмановаға («Авторадио» журналисі) табыс етілді. Барша жеңімпаздарға ақшалай сый-сыяпаттар жасалды.
Мамадияр Жақыпқа, Жұмат Әнесұлына, Нұрболат Абайұлына, Бауыржан Иманалиге, Алданазар Жайлыұлына, Амангелді Шопанға, Құтмағамбет Қонысбай және т.б.қатысушыларға шахмат турнирінің «Алғыс хаттары» табыс етілді. Турнирдің жабылу салтанатын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4 курс студенті Сәулетбай Бақтыбай әдемі әндермен өрнектей түсті.
Турнир соңында «Супер ойын Нұрлан Құмармен» аталымы бойынша Бас жүлде иегері Асхат Өмірбаев білікті шахматшы, журналист Нұрлан Құмармен бақ сынасып көрді. Нәтижесінде Нұрлан Құмар жеңіске жетті.
Аталған турнирге Алматы қаласы әкімдігі Cпорт басқармасы қолдау көрсетті. Турнирдің бас төреші қызметін Ұлттық арбитр, аға жаттықтырушы Асылхан Қараев атқарды.
Турнирдің ашылу салтанатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің домбырашылары Азамат Шынаров пен Төлеби Нұрғали рухты күйден шашу шашты.
Іс-шара барысында ҚазҰУ Ректорының кеңесшісі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев, журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев, «Ақиқат» журналының Бас редакторы Дәуіржан Төлебаев ізгі тілектерін жеткізді. «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай жүрекжарды лебізін білдіріп, ардагер ойыншылар – Мамадияр Жақыпқа, Аян Нысаналинге, Жұмат Әнесұлына, Зейнел Жекейұлына құрмет көрсетіп, «Ана тілі» газетіне 2022 жылға тегін жазылғаны туралы түбіртекті табыс етті.