Коронавирус инфекциясы асқынған дерті бар адамдарға өте қауіпті екендігі бұған дейінгі зерттеу қорытындылары көрсеткені рас. Ал, жүрек қантамырлары ауруы бойынша есепте тұрған адамдар үшін де бұл дерттің қандай қаупі бар? Осы сауалдарды PhD докторы, кардиохирург Дәуренбек Нысановқа қойған едік.
- Коронавирус инфекциясынан көз жұмғандардың басым көпшілігі қант диабетімен ауырғаны анық. Ал енді жүрек қан тамырлары ауруына шалдыққан адамдар үшін бұл инфекция қаншалықты қауіпті?
- Коронавирус - өте қауіпті инфекция. Дені сау адамның өзінің жағдайын қиындатып жібереді. Жүрегі ауыратын адамдарда белгілі бір өзгерістер болатыны анық. Коронавирус туралы сөз қоғағанда көбінде өкпе туралы айтамыз. Алайда, ол тек қана өкпе емес, тұтас жүйелі бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Инфекция өкпенің альвеоласындағы альвеоцит клеткаларын зақымдайды. Кез-келген ағзаға тамырлар оттегі тасымалдайды. Бұл вирус барлық тамырлардың, артериялардың ішкі қабаты - эндотелийді зақымдайды. Көбінде шетелдік ғалыми зерттеулер бойынша, паталогоанатом мамандардың көрсеткіші бойынша вирус қанды бірден қоюландырады. Зақымданған қан тамырларына қан жиналады. Қан қоюланады. Онсыз да вирус қанның формалық элементтеріне әсер еткендіктен қабыну басталады. Қанның коагуляциялық белсенділігін арттырып жібереді. Иммундық қабыну процесі бір органның болмаса, тұтастай жүйелі болуы мүмкін. Осының әсерінен микро, макротромбоз деген тромбтар пайда болады. Ірі тромбтар жылжып барып, миға, жүрекке баратын тамырларды бітеуі мүмкін. Өкпе артериясы екіге бөлінеді. Түгелдей емес, бір бұтағын бітесе, өкпе инфаркті болады. Бүкіл артерияны бітесе, бірден өліп кетуі мүмкін. Осыған адамдар мән беруі керек. Әрі дәрігер кеңесін тыңдау керек.
- Жүрек қантамырлары ауруы бар адам коронавирусқа шалдықса, үйден емделуіне бола ма?
- Амбулаториялық жағдайда антикоагулянттық препараттарды тәулігіне 1 рет қана қолдануға болады. Алайда науқасқа антикоагулянтты 1-ақ рет қолдану жеткіліксіз болатын жағдайлар бар. Ондай ауруларды стационарға жатқызу керек. Интернеттен оқып алып, өзін өзі емдеумен айналысуға болмайды. Білместікпен өліп кетуі мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желіде адамдар бір-біріне «Клексан», «Ксарелто» сияқты дәрілерді пәлен дозада іштім деп кеңес беріп жатады. Амбулаториялық жағдайда бұл препараттарды күніне 1 рет 03-0,4 деген дозада қолдануға болады. Одан басқа доза дәрігердің бақылауымен берілуі керек. Сондай-ақ, науқастың сатурация, оксиенация индексі, коагулограмма деген көрсеткіштері де бақылауда болуы керек.
- Коронавирус жұқтырып, жазылып шыққан адамдарға қандай кеңес бересіз?
- Жазылып шыққан адам 45 күн үйінде жатуы керек. Қытай вирусолог-эпидемиологтарының зерттеулеріне сүйенетін болсақ, ауырып емделiп шыққан адамдардың 50%-ке жуығы 45 күнге дейін коронавирусты тасымалдаушы ретінде жұқтыруы мүмкін. Қазір коронавирустың жаңа штаммына қарсы вакцина жоқ. Коронавирусқа арналған арнайы дәрі-дәрмектер де жоқ. Дегенмен, еліміздегі коронавирус жұқтырып қатты науқастанғандарға әлемдік тәжірибелерден құралған стандарттар бойынша ем жасалынып, оң нәтижеге жеткен жетістіктер де аз емес. Қазір COVID-19 вакцинасын тапқанмен, оған эксперименттік-клиникалық зерттеулер жасауға кем дегенде бір жарым жыл уақыт керек. Ондай уақытта коронавирустың жаңа мутацияланған түрлері де пайда болып, COVID-19 вакцинасы керек болмай қалуы да мүмкін. Кейбiреулер «мен коронавирус жұққан соң ауырдым. Одан емделiп сауықтым. Ендi менде коронавируске қарсы антитела бар. Маған ендi коронавирус жұқпайды. Мен маска тақпаймын, басқаларға менен жұқса жұға берсiн» деген эгоистік көзқарасты ұстанады. Олар 45-50 күнге дейiн оқшауланып, маска тағып жүруі керек. Ол адамда КВИ-дiң 1-2 штаммасына ғана антитела болуы мүмкiн. Дәл сен сияқты басқа бiреу саған да КВИ-дiң сенде антителасы жоқ басқа штаммасын (мутацияға ұшыраған басқа түрiн) жұқтыратын болса одан адам аман қалмайды! Өйткенi КВИ-мен ауырып жазылғандардың өкпесi фиброздық өзгерiске ұшырайды. Фиброз деген қалпына келмейді. Яғни, өкпесі 70 пайыз зақымданған адам былайша айтқанда, өмірінің соңына дейін қалған 30 пайызбен өмір сүруіне тура келеді. Өкпе тканi неше процент фиброзға ұшыраса, сонша процент өкпе тканi iстен шығады. Ал сау қалған жерiн коронавирустың мутацияланған жаңа түрi зақымдайтын болса, одан аман қалу мүмкiн емес! Бұл жерде донорлық өкпе іздеуден басқа амал қалмайды.
- Гигиеналық талаптар туралы да айта өтсеңіз
- Коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың бірден-бір жолы – тұмылдырық (маска) тағу, гигиеналық шараларды сақтау, қолды жиі жуу, лас қолды көзге, мұрынға, және ауызға тигізбеу, қол беріп амандаспау, жөтелгенде немесе түшкіргенде бір реттік орамалды қолдану, қолданғаннан кейін дереу тастау, адам көп жиналатын (кафе, тойхана, концерттік зал, театр, кинотеатр және т.б.) қоғамдық орындардан аулақ жүру және иммунитетті көтеру. «Құтты болсын» мен «қайырлы болсын» кейін айтуға да болады. Иммунитетті көтеру үшін күнделікті белсенді дене қимыл-қозғалысын арттыру, уақтылы түрде рационалды және толыққанды тамақтану, ұйқыны қандыру, эмоцияға берілмеу, ашуланбау, жүйкеге күш түсірмеу, көңілді жүру және суыққа ұрынбау керек! Коронавирустың ең жаманы бiр адамнан екiншi адамға тасымалданған сайын мутацияланған жаңа түрiне айналып өзгерiп отырады. Сол себептi, бiреуге жұқтырсаң өзгерген түрi өзiңе қайта жұқпасына кiм кепiл! Оның үстiне, халқымыз жаппай ауырса, экономикамыз да құлдырайды, елдiң жағдайы нашарлайды. Алдымызда әлi күз бар, қылышын сүйреткен қыс бар. Күн суытқан кезде тұмау, грипп эпидемиясына КВИ қосылса аман қалу екi талай. Егер бiз КВИ-дi жұқтырмау шараларын дұрыс қолдана бiлсек аман қаламыз, КВИ-дi жеңемiз.
- Әңгімеңізге рахмет!