Байқасаңыздар, қазір қоғамымызда жұмыссыз адамдар баршылық. Алысқа ұзамай-ақ, мен тұратын үйдің өзінде, маңайдағы көрші-қолаң мен жора-жолдас арасында жұмыс істемей, екі қолын қоярға жер таба алмай жүрген өзім қатарлы жігіт ағалары көптеп кездеседі. Соларды көрген сайын кеудеме «Осылар қалай жан бағып, отбасын асырайды екен?» деген сұрақтар тіреледі де тұрады.
Биылғы бірінші жарты жылда 37,5 мың адам жұмысқа тұрып, 39,3 мың адам жұмыстан шыққан
Жалпы, қазіргі күні жұмыстан шығып немесе жұмысқа қайта тұрып жататын адамдар көптеп кездеседі. Атап айтқанда, өткен жылы менің ескі танысым аяқ астынан жұмыстан шығып кетті. Әрине, өмір бойы істеп келе жатқан жұмысымен бір пәсте қоштасқан оны алғашында түсінбей, «Ау, мұның қалай?» деймін ғой мүсіркей сөйлеп. Сонда ол қаннен-қаперсіз «Өлмеспіз, екі қолға бір күрек табылар» деген де қойған. Шынымен де, танысым алғашқы кездері жатпай-тұрмай жұмыс іздеп, біраз жұмыстың басын шалғандай болды. Бірақ, олардың бірде-бірінде ұзағанда бір жарым айдан астам «шыдай алмады». Сөйтіп, ол жігіт айналасы бір жылдан аса уақытта бірнеше жұмыстың «басын қайырып» барып, биылғы көктемнен бастап жұмыс дегенді мүлде қойды. Қазір оны анда-санда өзі секілді «жұмыссыз достарымен» көше кезіп жүргенін байқап қаламын…
Біле-білсеңіз, бүгінде айналамызда осындай жұмыссыз адамдар көбейіп кеткендей болады да тұрады. Әрине, оларды байқау, тіптен, қиын емес. Мысалы, мен күнде үйден жұмысқа шыққанда ауладағы екі-үш жерде тұрған орындықта қолдарына бір-бір сыраның шөлмегін ұстаған, не болмаса «бір жартының» айналасында «ұйлыққан» топ жігітті жиі көремін. Көршілерімнің айтуларынша, олар осылай түске дейін отырады екен. Соларға қарап, менің өзім де жұмысымнан айрылып қалудан өлердей қорқамын.
Міне, қазіргі уақытта көзбен көріп жүрген көріністер көбіне осындай. Тіпті, осы күні жұмыссыздар тіптен көбейіп кеткендей болады да тұрады. Өз көзіңе өзің сенбейін десең, мұны басқа емес, ресми деректердің өзі де растайды. Атап айтқанда, Алматы қаласы Статистика департаментінің биылғы маусымдағы мәліметі бойынша, үстіміздегі жылғы екі тоқсанда Алматыдағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысқа 37,5 мың адамды қабылдаған екен. Алайда, осы аралықта жұмыстан шыққандары одан да көп көрінеді. Бұл ретте, әлгі деректерге сүйенсек, биылғы жарты жылда ғана қаламыздағы еңбек ұжымдарынан 39,3 мың адам жұмыстан шығып үлгерген. Ал олардың 0,5 мыңы – қысқартуға байланысты, 0,9 мыңы – еңбек тәртібін бұзуына байланысты, сондай-ақ, 33 мың адам – өз еркімен жұмыстан босаса, басқа да түрлі себептермен 4,3 мың адам істеп жүрген жұмыстарынан шығып кеткен. Сөйтіп, осындай себептермен аталған есепті кезеңнің соңында қаладағы бос орындардың саны 4,2 мыңды құрап шыға келген.
Жалдамалы жұмыскер қанша қанша табыс табады?
Бұрындары біздің халықта «Жұмыс істемеген адам ішіп-жемейді» деген тәмсіл сөз жиі айтылатын. Қазіргі заманда бұл сөздің қадірі жойылып кеткендей. Тіпті, бұл ретте кейбіреулердің жұмыссыз-ақ күнін көріп, жанын бағып отырғанын көргенде, «Япыр-ай, мына заман не болып барады?» деген ойға амалсыз беріледі екенсіз. Шыны керек, өз басым қазір жұмысы бар адамды көргенде, «бақытты екенсіз ғой» дейтін болдым.
Бүгінде адамдар қандай да бір мекемеде «жалданып» жұмыс істейтін болған. Өйткені, сол мекеме ол қызметкерге жұмыс ақысын төлеп отырады. Сондықтан да жұмысшылардың барлығы «жалдамалы қызметкер» атанған. Ал бұрындары «жалдамалы» деген сөзді естісек, жатып кеп ашуланатын едік. Ал бүгінде бұл сөздерге құлағымыздың еті әбден үйреніп кеткен. Олай дейтінім, қазір әрбір адам белгілі бір кәсіпорынға немесе мекемеге жалданып қана жұмыс істеп, табыс таба алады.
Осы орайда, көбіміз өз-өзімізге «Қазір Алматыдағы жалдамалы қызметкердің жалақысы қанша екен?» деген сұрақты жиі қоямыз. Біз де осы сұрақ төңірегінде ойлана келе, Алматы қаласы Статистика департаментінің «Ақшамның» редакциясына ұсынған мәліметтерге сүйендік. Ал онда 2016 жылдың алғашқы жарты жылында мегаполистегі орташа атаулы еңбекақы (кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда) 187 292 теңгені құрайды деп анық көрсетілген. Бұл ретте жалдамалы қызметкерлердің жұмысақысындағы айырмашылықтар әртүрлі қызмет салаларында жұмыспен қамтылған қызметкерлерге тән болған.
Жалпы, қаламыздағы еңбекақының ең үлкен мөлшері сол бұрынғысынша қаржы және сақтандыру қызметтеріне тиесілі болды. Атап айтқанда, осы салаларда еңбек ететіндер биылғы алғашқы екі тоқсанда орта есеппен 423 218 теңге жалақы алған. Ал енді қаладағы ең төменгі айлық алатындар қатарына бұл жолы – ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істейтіндер еніп, олар өз кезегінде орта есеппен 111 452 теңгеден алып отырған. Қуанатынымыз, бұрын бұл қатардан мұғалімдер мен дәрігерлер шықпайтын еді. Соңғы кездері жасалып жатқан зор қолдаудың арқасында олар «ең төменгі айлық алатындар» тізімінен шығып қалыпты.
Аталғандардан басқа, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында ірі және орта кәсіпорындарда орташа айлық атаулы жұмысақы көлемі 188 829 теңге көлемінде қалыптасқан. Бұл ретте ең жоғарғы жұмысақы жекелеген аудандар арасында Медеу ауданында байқалған. Ондағы айлық көрсеткіш 238 676 теңгеден асып түсіп, бұл қала бойынша орташа көрсеткіштен 27,4 пайызға артық болған. Атап өтетіні, жаңадан құрылған Наурызбай ауданында жұмысақы мөлшері 117 408 теңгені құраған. Ал бұл Алматы қаласы бойынша орташа деңгейден 37,3 пайызға кем көрсеткішті көрсетеді.
Құттыбек Аймахан, "Алматы ақшамы" газеті