23 ақп, 2021 сағат 11:24

ЖОО-лардағы қағазбастылық проблемасы қалай шешіліп жатыр?

Жоғары оқу орындарында қағазбастылықты азайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жоғары оқу орны басшыларымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша мониторинг жүргіземіз. Ол сандық көрсеткіштен сапаға көштік. Сонымен қатар, жазуды жақсарту және академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру үшін нормалар енгізілді. Бұл – ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесіне қатысты нормалар» - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев. 

Оның айтуынша, университет оқытушыларын қағазбастылықтан босату бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігін арттырған. Барлығын қосқанда 11 есеп беру нысандары алынып тасталды.

«Биыл университеттер алғаш рет өздерінің дипломдарын шығарады. Білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету үшін емтихан өткізіліп, Тізілім құрылады. Оқыту тиімділігінің көрсеткіштерінің бірі – жұмыспен қамту көрсеткіші. Елдегі мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыспен қамтылудың жалпы деңгейі 70,2% құрайды», - дейді ол.