Бүгін ғана Темірхан Медетбек, Кәдірбек Сегізбаев, Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев секілді мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларымыз жиналып, Президенттің Жолдауын талқыладық. Барлығы да Президенттің бастамасын қолдап отыр.
Жолдауда қадау-қадау мәселелер көтерілді. Мәселен, Қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылардың жетегінде кеткен жастарға рақымшылық беруі, елдегі шалғай ауылдардағы медициналық мүмкіндіктерді ашу. Одан бөлек, үш ауысыммен оқытатын мектептердің жұмысын екі ауысымға қысқарту. Соның арқасында жаңадан мектептер салынады. Бұл да халыққа өте қажетті дүние. Жылда ауыл жаққа барамыз, сол кезде жолдың азабын тартамыз.
«Бірнеше жылдың ішінде алыс аймақтардағы жолдың 95 пайызын түзетіп, жөндеп шығамыз» деді Президент. Шынын айтқанда, елдегі жол мәселесі ушығып тұр. Жолдың нашарлығынан туризмді ғана емес, тасымал мәселесін де, еларалық байланысты да тежеп тұр. Бизнес бастап, өз кәсібін дөңгелетемін деген жастарға екі пайызбен несие беруі – жақсы бастама.
Президенттің көтерген мәселелердің ішінде қатты ұнағаны – ұлттық байлықты, халыққа тең бөліп беру. Яғни, оның қызығын халық та көру керек дегені. Сонымен қоса, кәмелетке толмаған балалардың әрқайсысына ұлттық табыстың 50 пайызын беруі. Шыны айтқанда, бұл түсімізге кірмеген нәрсе. Тіпті, партиялар осыны өзінің жоспар-жобасына, бағдарламасына кірігізіп жүрген. Міне, осының бәрі сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде асса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлықбек Есдәулет,
Жазушылар одағының төрағасы