Футболдан ұлттық құрамамыз соңғы жарым жылдықта жанкүйер қауымды жалт қаратқан болатын. Команда ойынына қан жүгіріп, барлығымыздың көңілімізде футболда да толағай табыстарға жетеміз бе деген үміт оты маздаған еді. Обалы нешік, Талғат Байсуфинов бастаған біздің жігіттер бірнеше сәтті ойындарының арқасында ФИФА рейтингінде 96-шы орынға табан тіреді. Сөйтіп, қазақ футболы атасында көрмегенді ботасында көріп, бір жасап қалған едік.
Еуропаның ең азулы командаларының бірі Польшамен болар ойын алдында айыр қалпақты ағайындарымызбен “жолдастық” кездесу өткізіп жүргенімізге жол болсын! Қырғыз бен қазақ футболы өзара кездесуге кенде емес еді. Керек десеңіз ол көршілерімізді бес гол соғып та, жеті гол соғып та ұтқанбыз. “Алтын шыққан жерді белден қаз” деген әдемі мақал бұл жерге жараспас, бұндайды қазақ “Ит тойған жеріне тоғыз барады” - дейтін еді.
Өкініштісі, осыған дейін біздің құрамамен жеті рет кездесіп, жеңістің дәмін тата алмай жүрген қырғыз құрамасы ерлік жасады. Өздерін оңай олжаға айналдырып жүрген Қазақстан құрамасын 2:0 есебімен ұтып кетті. Бұл кездесуді тағы бір жеңіс үшін емес, қырғыз ағайынның бір жеңіс тойын тойлағанын көру үшін өткіздік пе, кім білсін?!
Мейлі, қалай болсада кездесу өтті. Ойын есебі біз үшін қатты маңызды емес, себебі, бұл тек - жолдастық кездесу. Маңыздысы ойын барысы мен командаға әкелер пайда-зияны ғана. Бұл жеңіліс Талғат Байсуфинов командасының төрт ойын жеңіліссіз сериясы сынды аңыздың күлін көкке ұшырды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасына өздерінің Бразилия немесе Германия емес екенін ескертті. Енді естерін жиып, белдерін бумаса Польша командасы таптап кетеді. Өйткені, Роберт Левандовски мен Аркадиуш Милик қырғыз біріншілігінде немесе қытай чемпионатында доп теппейді. Олар Еуропаның топ чемпионаттарында топ бастаған сұрмергендер!
ФИФА рейтингінде 16-шы орында тұрған, кеше ғана өткен Еуропа чемпионатында ширек финалға дейін шапқан Польша құрамасына қарсы дайындықты дәл осылай - Азия құрлығының кенжелерінің бірі қырғыздармен ойнап пысықтаудың қанша жөні бар екенін айту қиын.
Тым құрығанда Украина, Венгрия, Сербиямен келіссөз жүргізіп көрсе қайтер еді? Арменияның Чехиямен кездескенін, тіпті, Грузияның Испаниямен ойнағанын көріп жүрміз ғой. Олар қазақ даласын алыссынса, өзіміз-ақ барайық солардың еліне. Онсызда барлық жолдастық кездесулерімізді сырт алаңда өткізіп жүрміз ғой. Сырт алаңда демекші, біз биылғы жылғы төрт жолдастық ойынның барлығын сырт алаңда өткіздік. Не үшін өз елімізде бірер кездесу өткізіп, дайындық жасамаймыз?
Егер әлем чемионатына барамыз деп мақсат қоятын болсақ, соған лайық жұмыс жасалуы керек. 4 қыркүйек “Астана-Аренада” Польшаны қабылдаймыз екен, ендеше, бүгін Бішкекте қырғыздармен емес Астанада жоғарыда аталған командалардың бірімен ойнағанымыз оң болар еді. Олар келмеген күннің өзінде көршілес Белоруссияны немесе Түркияны шақырып көру керек еді. Керек болса қытайларша бүкіл шығынын көтеріп, жол қаражаттарын төлеп. Осылай жағдай жасап бергенде ғана команда ойыншыларынан оң нәтиже талап етуге болады.
Қырғыздарға қарсы өткен кездесу құрама сапына өзгеріс керек екенін, Польшаға қарсы бұлай ойнауға болмайтынын көрсетті. Негізгі құрам төмендегідей болды: Қақпада - Давид Лория. Қорғаушылар төрттігі - Гафуржан Суюмбаев, Сергей Малый, Виктор Дмитренко, Елдос Ахметов. Орталық алаңда ойнаған Мақсат Байжанов, Самат Смақов, Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков төрттігі шабуылдан гөрі қорғанысқа бір табан жақын ойыншылар. Бапкер бұл төртеуін қатар шығарып, шабуыл шебін әлсіретіп, қарсылас қорғаушыларының жұмысын жеңілдете түсті. Шабуылда - Сергей Хижниченко және оған Бауыржан Исламхан көмектесті. Мақсат Байжанов пен Виктор Дмитренко командаға көмектесуге тым дайын емес секілді, Смақовта сәл шаршаңқы көрінді. Дмитренконың Польшаға қарсы ойынға шықпайтыны сөзсіз. Павлодарлық қорғаушы Елдос Ахметовтың не себептен негізгі құрамда шыққаны түсініксіз. Маусым айынан бері жарақатына байланысты "Ертіс" сапында бірде-бір кездесуде алаңға шықпаған еді ғой. Сонымен қатар, Смақов пен Байжановты да ойластыру керек секілді. Қанша ардагер ойыншылар болғанымен, екеуі де биылғы маусымды сәтті өткізіп жүрген жоқ. Ойынды жіті бақылаған Байсуфинов бастаған бапкерлер тобы бүгінгі қателіктерден сабақ ала отырып, жауапты кездесуге қарсы жақсы тактика дайындайды деп сенеміз.
Әрине, бұл ойында түрлі себептермен ұлттық құрамамызға Юрий Логвиненко, Серікжан Мужиков, Таңат Нөсербаев, Ұлан Қонысбаев көмектесе алмады. Сонымен қатар, қосалқы құрамда отырып, тек ойынның екінші жартысында шыққан Дмитрий Шомко, Азат Нұрғалиев, Асхат Тағыберген бар.
Сөз соңында жолдастық кездесуді әр құрама өз пайдасын көздей отырып, алда болатын ресми кездесулерге дайындық ретінде өткізетінін, оның аты затына сай тек “жолдастық” кездесу ғана болмау керек екенін ескерткім келеді.
Қуаныш ҚАППАС,
Ұлт порталы