02 нау, 2021 сағат 12:05

Жоғары оқу орындарының студенттері дәстүрлі оқу режіміне қашан көшеді – БҒМ жауабы

Жоғары оқу орны студенттері дәстүрлі оқу режиміне қашан көшетіні ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып шешіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Студенттердің қашан дәстүрлі оқу режімінде оқитынын құзіретті органдар шешеді. Бәрі де эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Ал өз атымнан айтар болсам, Білім және ғылым министрлігі де, жоғары оқу орындары да дәстүрлі режімде оқуға дайын», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. 

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, алдымен аралас, одан кейін дәстүрлі оқу режиміне көшетінімізді, яғни бәрі кезең-кезеңімен болатыны алдын ала ескертілген. 

«Мұндай жағдай еліміз бойынша да, әлем бойынша да бірінші рет орын алып отырғанына келісетін шығарсыздар. Сондықтан дәстүрлі режимде оқыту туралы шешім кезең-кезеңімен жүзеге асады. Әзірге тек 1-5 сынып оқушылары ғана аралас режимде оқитыны сияқты, барлық мекемеде де осылай кезең-кезеңімен шешім қабылданады. Біз бұл мәселені ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып шешеміз. Бұған қатысты нақты ереже жоқ, бәрі еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ», - дейді ол.