03 там, 2020 сағат 17:50

Жоғарғы соттың судьясы лауазымына кандидат іріктеуде қазақстандықтардың пікірі ескеріледі

Судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде қазақстандықтардың пікірі ескерілетін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Жоғарғы сот кеңесіне сілтеме жасап. 

«Жоғарғы сот кеңесі қазақстандықтарды Жоғарғы сот судьялар лауазымдарына кандидаттар туралы пікір білдіруге шақырады. Бұл кадрларды іріктеудің барынша объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр. Жоғарғы сот кеңесі қазіргі уақытта Жоғарғы мот судьяларының 2 бос лауазымдарына конкурс өткізіп жатыр», делінген хабарламада.

Іріктеу барысында үміткерлердің кәсіби және жеке қасиеттері зерделеніп, олардың қабілеттері мен дағдылары бағаланады.

«Әрбір үміткерден Кеңес мүшелері сұхбат алады, оған адвокатура, прокуратура өкілдері, өзге де заң қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ HR-мамандар қатысады. Сонымен қатар, әрбір қазақстандық нақты үміткер туралы өз пікірін білдіре отырып, кандидаттарды іріктеу процесіне қатыса алады. Ол үшін v.sovet@vss.gov.kz Кеңестің электрондық поштасына тиісті хатты 13 тамыздан кешіктірмей жіберу қажет», делінген хабарламада.

Жоғарғы сот судьялары лауазымдарына орналасуға арналған конкурсқа қатысатын үміткерлер тізімі кеңестің сайтында берілген.