Желіде қар барысының ұлттық паркте түсірілген видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.
Видео Іле Алатауы ұлттық паркінің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған.
"Желіде ілбіс бейнеленген видео "Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" республикалық мемлекеттік мекемесінің Ақсай филиалында түсірілгені анықталды. Ұлттық парк аумағын ілбіс (барыс) бұрыннан мекен ететіні белгілі", - делінген жазбада.
Ұлттық парктің ғылыми қызметкерлері жыртқыш аңды ерекше бақылауға алған.
"Осыған орай, 5 желтоқсаннан бастап Ұлттық парктің ғылыми-зерттеу қызметкері мен Ақсай филиалының аңтанушы-биолог маманы Ақсай филиалында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әрі қарай Ұлттық парк пен Зоология институты арасында ғылыми әріптестік келісімшарты негізінде жұмыстар атқарылады. Ақсай сайында мекендеп жүрген ілбіс (барыс) мемлекеттік инспекторлар қадағалауында. Қосымша ақпараттар жарияланатын болады", - делінген жазбада.
Айта кетейік, ілбіс - республикамыздың Қызыл кітабына тіркелген жыртқыш. Ол Жоңғар, Іле, Күнгей, Талас, Алтай, Сауыр, Тарбағатай тауларында кездеседі. Мысық тұқымдастар ішіндегі қатал жағдайларға төзімді, биік таулы аймақтарда мекендеп, ірі тұяқты жануарлармен қоректенетін жыртқыш аң.
"Егемен Қазақстан" басылымының мәліметінше, Іле Алатауында жалпы 40 қар барысы мекен етеді.