21 ақп, 2022 сағат 19:33

Жерге қауіпті астероид жақындап келеді


АҚШ Ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасы (NASA) келесі айда үлкен астероидтың жерге жақындайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Newsweek сайтына сілтеме жасап.

NASA бағалауына сай, 2001 CB21 астероиды 4 наурыз күні шығыс уақыты бойынша таңғы 3:00-де Жерге жақын келеді. Аспан денесінің диаметрі – 1,3 километр. 

Оның жылдамдығы - сағатына 26 800 миля болмақ. Бұл винтовкадан атылған оқтың жылдамдығынан 13 есе, жойғыш ұшақтың максималды жылдамдығынан 18 есе тез.

NASA-ның Жерге жақын объектілерді зерттеу орталығының (CNEOS) мәлімдеуінше, алаңдауға себеп жоқ. Астероид «ықтимал қауіпті» объектілер санатына жатады.

Алайда жақын арада ол Жермен бетпе-бет келмейді, себебі астероид 3 миллион миля қашықтықта болмақ. 

Астероидтың «ықтимал қауіпті» болып белгіленуі оның бізге соғылатынын білдірмейді. Мұндай атауға Жерге өте жақын келген объектілер ие болады. 

2001 CB21 астероиды Күнді толығымен 384 күнде айналады. Бұл біздің ғаламшарымыздың көрсеткішіне жақын. Аталған астероидтың көлемі оған ұқсас түрлерден едәуір үлкен (97%).

30 қаңтар күні италиялық астроном Джанлука Маси 2001 CB21 астероидының суретін түсірді. Оған сәйкес, аспан денесі сол кезде Жерден 35 миллион километр қашықтықта болған.

Ал 6 наурыз күні 2001 CB21 Жерге кезекті рет жақындамақ, екеуінің арасы 4,8 миллион километр болады.

Еске сала кетейік, 1994 PC1 астероиды 18 қаңтар күні Жерге жақын келді. Оның ені - 1 шақырым.