Жерді алып, оны өзге бір танысына жалға беріп қоюды тоқтату қажет. Мұндай пікірді Қазақстанның Еңбек ері, жер реформасы бойынша республикалық комиссиянның мүшесі Сайран Бұқанов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент ұсынған жер реформасы жөніндегі заң жобасын толық қолдаймын. Ата-бабаларымыз қан-майданда жүріп, осы жерді бізге аман етіп қалдырды. Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаев шекарамызды шегендеді. Енді осы жерімізді дұрыс пайдалануымыз керек. Қазір азаматтар жерді алады, бірақ оны тиімді пайдаланбайды.
Барлығын бірдей жазғыруға болмайды. Кейбіреулердің алқаптары дұрыс өнім бермей жатады. Оны да ескерген маңызды. Осының барлығын сараптай келе, республикалық жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері жердің дұрыс игерілуін бақылайтын агенттік құру қажет деп есептейді. Ол тікелей Мемлекет басшысына бағынуы қажет. Агенттік жерді пайдалануды қадағалап, олқылықтар тапса, онда оны мемлекетке қайтаруы тиіс болады. Қазір жерді әкімдер береді және өздері бақылауда ұстайды. Жерді алған азамат алқабын дұрыс игере алмаса, онда оны қайтарып алу процесі бүгінде өте күрделі.
Осы орайда тағы бір өзекті мәселеге тоқталсам. Жер алып, оны өзге бір танысына жалға беріп қоятындарға шек қою қажет. Яғни, қосалқы жалдамамен айналысу. Бұл көлеңкелі бизнестің бір түрі. Осы әрекеттің жолын кесіп, жерді тиімді әрі оңтайлы пайдаланатын адамдарға бергеніміз жөн», - деп атап өтті Сайран Балкенұлы.