Жер туралы заңның қабылдануы шетелдіктердің ауылшаруашылық жерлерін сатып алуы мен жалға алуы мәселесіне түбегейлі нүкте қояды. Бұл пікірді ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram каналында жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдік азаматтар мен шетелдік қатысуы бар кәсіпорындарға сатуға және жалға беруге тыйым салуды көздейтін жер туралы заң қабылданды. Бұл заңды әзірлеуді Қасым-Жомарт Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ұсынып, осы құжатты Президенттің заң шығару бастамасы аясында дайындауды тапсырды. Ал 12 наурызда Заң жобасы Президенттің арнайы жолдауымен Мәжілістің қарауына енгізілді», - деп жазды Е. Қарин өзінің Telegram-парақшасында.
Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының 3 отырысы және Аграрлық мәселелер комитетінің 2 кеңейтілген отырысы өтті. 7 сәуірде жалпы отырыста депутаттар құжатты бірінші оқылымда қарады.
«Бүгін заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады және енді Сенаттың қарауына жіберіледі. Осылайша заң жобасы қарастырудың барлық негізгі кезеңдерінен өтіп келеді. Жер туралы заңның қабылдануы өткір пікірталастар тудырған шетелдіктердің ауылшаруашылық жерлерін сатып алуы мен жалға алуы мәселесіне түбегейлі нүкте қояды, бұл тақырып бойынша даулар мен түрлі алыпсатарлықтарды тоқтатуға мүмкіндік береді», - деді Ерлан Қарин.