Фото: ©El.kz / Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Еліміздің барлық өңірінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге кемінде 1,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсету көзделген, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
"1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 222 қатысушысы және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан 60 106 басқа да азамат тұрады. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 78 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 175 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 413 адам; ҰОС-та қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 4 адам; тыл еңбеккерлері – 57 436 адам" - делінген хабарламада.
Министрлік дерегіне сүйенсек, ҰОС кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды – олар шайқаста қаза тауып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.
"Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады.
Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 20 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ре азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады" - делінген ведомство хабарламасында.
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:
- ҰОС қатысушылары үшін – 220 754 теңге (161 адам);
- ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 229 286 теңге (61 адам);
- басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 215 201 теңге (25 752 адам);
- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 182 782 теңге (3 648 адам);
- ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 140 838 теңге (14 424 адам);
- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам).
"Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетілуде. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады (367 млн теңгеге 1 989 адам).
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджет және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (естелік) күндерге материалдық көмек түрінде және келесі нысанда қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді: тұрғын үйді жөндеу (20,4 млн теңгеге 114 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (179,3 млн теңгеге 3 384 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (116,8 млн теңгеге 6 463 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (56,4 млн теңгеге 4 826 адам), тіс протездеу (22 млн теңгеге 239 адам), азық-түлік топтамасы (81,3 млн теңгеге 8 097 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.
Үшіншіден, жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 4,6 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр.
Облыстардың, елорда мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС қатысушылары мен ҰОС кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін 1,5 млн теңгеден кем емес мөлшерінде белгілеу ұсынылды. Нәтижесінде барлық өңірлерде олар үшін аталған мөлшерде біржолғы материалдық көмек көзделген (Ақтөбе және Павлодар облыстарында – 2 млн теңге)" - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда ҰОС ардагерлеріне төлемдер барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78-жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар да табыс етілмек.
"Төртіншіден, мемлекет әлеуметтік заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты негізде шаралар жүргізуде. Осылайша, 2020 жылы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда ардагерлерге берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктер шоғырландырылды. Ол жаңадан енгізілген ардагерлер санаттарының ішінен 11 мың адамға ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға, сондай-ақ ардагерлер үшін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдалануға мүмкіндік берді" - дейді ведомство баспасөз қызметінің өкілдері.