Фото: Қорғаныс министрлігі
Бас прокуратура Оқу-ағарту министрлігінен кәмелетке толмағандармен тәрбие жұмысын күшейту бойынша шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомства министрлікті тексеру барысында балалардың құқықтарын қорғау тетіктерінің жүйелі кемшіліктерін – «қиын балалармен» жұмыс жасалмауын, кешкі және арнайы мектептер, психологтар, қорғаншылық органдары жүйесінің тиімсіздігін, көптеген ведомстволық бағынысты ұйымдардың профилактика саласындағы нашар жұмысын анықтаған.
Соңғы 3 жыл ішінде елімізде жасөспірімдер қылмысы күрт көбейген.
Бас прокуратура ақпаратына сүйенсек, өңірлерде үлгерімі нашар және заңды бұзған оқушыларды кешкі мектептерге мәжбүрлеп ауыстыру тәжірибесі әлі күнге дейін сақталған, кешкі мектептердің материалдық-техникалық жарақтандыруы әлсіз, педагогикалық құрамы жинақталмаған, онда профилактикалық жұмыстар жүргізілмейді. Елімізде барлығы 63 кешкі мектеп жұмыс істейді, оның контингентінің жартысынан көбі кәмелетке толмағандарға тиесілі (4300).
"Жыл соңына дейін девиантты мінез-құлқы бар балаларды «жағымды ортаға» бейімдеу бойынша жобаны іске асыру (беделді тәлімгерлерді бекіту, кадет сыныптарына және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы, Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» клубтарына орналастыру), ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен қамту мақсатында оларға тексеру жүргізу жоспарлануда", - делінген хабарламада.
Тексеру нәтижелері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің бөлімше басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.