Фото: ашық дереккөз
Ұлыбританиядағы маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына барып келген қазақстандық азаматшаның еңбек жағдайлары мен табыс көлемі туралы рекрутер Алма Жандәулетова айтып берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Сымбат алғаш рет Британияға 2024 жылы барған. Ол кезде ашық алқапта жұмыс істеп, ауыр климаттық жағдайда еңбек етуге тура келген. 2025 жылы оған жолы болып, таныстары арқылы жылыжайдағы өнімдерді буып-түю жұмысына орналасқан.
Оның айтуынша, жұмысқа елден арнайы агенттіктер арқылы жіберіледі. Маусымдық жұмысшыларға берілетін UK Seasonal Worker визасы бар болғаны алты айға ғана рәсімделеді. Жол шығыны, виза және жатақхана ақысы агенттік тарапынан алдын ала төленгенімен, кейін жұмысшының жалақысынан ұсталады. Тамақ пен тұрмыстық тауарларды Сымбат өз қаражатымен сатып алып отырған.
Қиын еңбек және минималды жалақы
Ашық алқаптағы жұмыс климатқа байланысты өте ауыр: жауын, өкпек жел, суық ауа райы, үнемі еңкейіп жұмыс істеу — негізгі қиындықтар. Жалақы Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы секторына белгіленген ең төменгі тарифпен — сағатына 11,45 фунт стерлинг (салық ұсталғанға дейін) төленеді. Күнделікті ең аз жұмыс уақыты — 8 сағат, алайда көптеген жұмысшылар көбірек табыс үшін 10–12 сағатқа дейін еңбек етеді.
Сымбаттың сөзінше, егістіктерде көбіне Орта Азия, Украина, Болгария және Румыния азаматтары жұмыс істейді. Ал Қазақстаннан барған ер адамдардың бірқатары соңғы жылдары Лондонға қашып, заңсыз мигранттар қатарына қосылғандықтан, агенттіктер енді негізінен отбасылы әйелдерді қабылдауға бейім болған.
6 айлық еңбектің нәтижесі — 6 миллион теңге
Алты ай бойы үздіксіз еңбек еткен Сымбат Қазақстанға шамамен 6 миллион теңгеге жуық табыспен оралған. Ол бұл соманы Қазақстанда декларациялауы керек екенін, тіпті қосымша салық төлеуі мүмкін екенін айтады.
Дегенмен, физикалық ауыр жұмыс және балаларын анасыз біраз уақытқа қалдыруға мәжбүрлік оны қайта бармау жөнінде шешім қабылдауға итермелеген.
Сарапшы пікірі
Алма Жандәулетова жұмысшыларды іріктеу кезінде басты талап — жас және денсаулығы мықты адамдар екенін айтады. Көпбалалы, табысы төмен отбасылардан шыққан әйелдер бұл бағдарламаға жиі қабылданады.
Маман-рекрутердің айтуынша, егер адам Қазақстанда да дәл сондай еңбек қарқынын сақтап, күніне 8–12 сағат үздіксіз жұмыс істесе, ішімдік пен зиянды әдеттерге жол бермесе, өз елінде де айына 1 миллион теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндігі бар.
