Фото: "Площадь "Свободы"
Қазақстандық білім беру ұйымдарында тамақтану сапасына күнделікті мониторинг жүргізу жүйесі іске қосылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің айтуынша, 2023 жылы мектептердегі тамақтандыру стандарттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес қайта қаралды. Енді мектеп аспаздарына қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді, ал өнім жеткізушілердің санитарлық қорытындысы болуы міндетті. Сонымен қатар, асханаларға бейнебақылау орнату талап етілді.
Министрлік «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы тегін тамақ алатын оқушыларды автоматты түрде есепке алу жүйесін де іске қосты. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мектеп тамақтануының жаңа стандартын әзірлеу жоспарлануда, оны 2025 жылы енгізу көзделіп отыр.
Республикалық мониторинг барысында заңнама талаптарының бұзылған 771 фактісі анықталды. Министрлік мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыруға жеткіліксіз көңіл бөлген өңірлерді, соның ішінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстары мен Шымкент қаласын атады.
Сонымен қатар, өнім жеткізушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұл шаралар мектептерде тамақтану сапасын арттырып, балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған.