09 сәу, 2021 сағат 16:26

Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарға 2 жылда 58,9 млн теңге төленген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық органдары 2019 жылдан бері жемқорлық фактісі туралы мәлімет берген 396 адамға 58,9 млн теңге сыйақы төлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органдары жеқорлық фактісін хабарлаған 396 азаматты жалпы сомасы 58,9 млн. теңгеге ынталандырды. 2019 жылы – 214 тұлғаға 31,8 млн теңге, 2020 жылы 182 тұлғағы 27,1 млн теңге төленді. 2020 жылы көтермеленгендердің 122-сі ауыр қылмыстар туралы мәлімет берді. Орташа ауырлықтағы істер бойынша 55, шағын-2, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін үш адам марапатталды», - деді агенттіктің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров. 

Ол, сондай-ақ, азаматтар негізінен пара беру және алу, делдалдық, ақша жымқыру фактілері туралы хабарлайтынын жеткізді. Соның арқасында биыл лауазымды тұлғалардың өз өкілеттіктерін теріс пайдалануы бойынша тағы 5 факт анықталған. 

«Биыл әзірге жемқорлық фактісін мәлім еткен 213 адамды көтермелеуге бюджеттен 33,9 млн теңге бөлінді», - деді ведомство өкілі.