11 жел, 2022 сағат 23:24

Желтоқсан оқиғасы және одан кейінгі шырғалаң


Шөлдің қамысы болмайды,

Жаманның намысы болмайды. 

Халық мақалы

Жетпіс жылдан аса өмір сүрген, сол тұста мәңгілік мызғымастай болып көрінетін және әлемдегі қуатты  державалардың бірі саналатын, кезіндегі Кеңестер Одағын дүр сілкіндірген, сонау 1986 жылдың желтоқсан айында  елімізде болған Желтоқсан оқиғасы, сол бір кезеңде жанымызды қатты ауыртқанымен, Кеңестік басқару жүйесінің ескіргендігін, сондай-ақ, осы империялық мемлекетке тоғыстырылған ұлттардың сана-сезімінің өсіп-жетілгендігін және бұдан әрі оларды басып-жаншып, қорқытып-үркітіп ұстап тұру мүмкін емес екендігін көрсетіп берді. Иә, оқиға болды. Сол уақыттағы елордамыз болып саналатын қаладағы өрімдей жастар өре түрегеліп, бір адамдай қатысты деуге болады. Кеңестер Одағының Орталық Комитетінің ұлттық саясаттағы өрескел қателігі, яғни Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысын өзге ұлттан тағайындауы, республикамыздың төл ұлтына ауыр тигенімен, төзді, шыдады. 

1986 жылдың 16-шы желтоқсаны күні Мәскеудің жіберуімен, Г.П.Разумовский бастаған делегация келіп, Қазақстан орталық партия комитетінде он сегіз минутқа созылған пленумда Колбин Геннадий Васильевичті бірінші хатшысы ғып тағайындайды. Бұл шеттен әкеліп тағайындау, қалай десек те Қазақстан халқының ой-пікірімен санаспау және жергілікті тұрғындарды менсінбеу еді. Осыдан барып келесі күні, 17 желтоқсанның ызғарында қазақ жастары орталық комитеттің алдындағы, сол кезде Брежнев атымен аталатын алаңға жиналған болатын. Қаланың түкпір-түкпірінен алаңға құйылған жастардың қалың  тобы,  болып өткен пленумдағы тағайындауға өздерінің наразылықтарын білдіріп, Қазақстанның өз азаматын тағайындауды талап еткен еді. Қалай дегенмен де, Кеңестер одағын дүр сілкіндірген бұл оқиға, республикамызда  әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарыстың бар екендігін нақты көрсетіп берді. Қай жақта және қай деңгейде жұмыс істесе де, еш уақытта мұндай оқыс оқиғаны мүлде көрмеген Г.В.Колбин, бірден Мәскеудегі қожайынымен хабарласып, болып жатқан оқиғаларды жайып салады. Осылай, Кремльде отырған басшының жарлығымен, бейбіт шеруді уақыт созбай тарату үшін «Бұрқасын» («Метель») деп аталатын арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Бұған әскери бөлімдер және арнайы құрылымдар қатысты. Бұл оқиғаға қатысқандарды жазалау, қар еріп, көк шыққанға дейін жалғасты. Алайда, көтерілісті жабылып басқанымен, оның артынан біраз уақытқа созылған шырғалаң басталды. 

Осы іс-шара барысында 99 адам түрмеге жабылып, қайсыбірі ату жазасына кесілді. Сондай-ақ, 83 адам аралығы бір жарым жылдан, он бес жылға  дейін сотталып кетті. Республикадағы Ішкі істер министірлігінен 1200-дей адам жұмыстан шығарылып, денсаулық сақтау және транспорт министірлігінен 309 адам орынын босатса, ел көлеміндегі оннан аса жоғары оқу орынының ректорлары лауазымынан айырылды. Мұнан басқа да сүзгіден өткізу  біртіндеп іске асырылып жатты. Сол күндердегі баспасөз құралдарын ақтарып отырғанда, әсіресе, орыс тіліндегі газет, журналдарда  «Больше принципиальности», «За социальную справедливость», немесе «Снять с работы» тақырыбындағы материалдар жиі жарияланып тұрды. Мысалы, сол тұстағы «Казахстанская Правда» газетінен мынандай жолдарды оқуға болады: «Только в 1987 году в Казахстане сменилось около 28 % ответработников аппаратов обкомов, более трети – горкомов и райкомов партии, почти 25% номенклатурных работников обкомов, горкомов и райкомов партии. Причем 10% из них были освобождены от должностей по отрицательным причинам. За первую половину 1988 года прошли аттестацию 78,2% партийных, 98% советских, 94% профсоюзных и 66% комсомольских работников. 

Қалай дегенмен де, бұлай шұқшия сүзгіден өткізу , Мәскеудің қолпаштауымен елімізге келген Г.В.Колбиннің білімінің таяз, ой-пікірі және өресінің тар, кеңестік жүйенің жәй ғана қатардағы номенклатурадағы адамы екендігін көрсетті. Партиялық шеңбердің айналасында ғана ойлай алатын және одан әрі дамымай қалған кісі екенін танытты. Кейіннен, кейбір басылымдардан сол уақыттың көрінісін мүмкіндігінше болжап, ой қортқан, орыс тіліндегі мынандай жолдарды  да оқуға болады: «Подобное узкое понимание происходивших в стране глобальных перемен и высказывания Колбина об «утверждении социальной справедливости и правопорядка» были рассчитаны, в первую очередь, на люмпенизированную часть общества, далекую от политических реалий времени. Естественная необходимость обновления руководящих органов местной и республиканской власти приняла форму преследования кадров, не согласных с требованиями нового руководителя, при том, что сам Г.В.Колбин далеко не всегда имел объективное представление о деловых, политических и моральных качествах непосредственных проводников его курса на местах». 

Осылайша, елімізде екі жарым жылдай қызмет еткен Г.В.Колбинның атқарған жұмысында ешқандай жетістік болмады. Яғни, олардың өз тілімен айтқанда:  «Ни одна из выдвигавшихся им целей не была достигнута, к тому же он так и не стал признанным лидером внутри республики, дискредитировав своими волюнтаристскими методами даже самые привлекательные внешне намерения». Бұл да, сол баяғы Смайыл Юсуповтың екі жылдай билікте жүріп, елімізге пайда беретіндей, көңіл толатындай  ештеңе атқармай, кейіннен Кремльде таққа келген Брежневтің арнайы ескертуімен  орынынан кетіп бара жатып, әлде қашан жабылып қалған Ұйғыр ауданын  ашып,  елімізге қада қағып кеткені болмаса.  

Айтар болсақ, Қазақстан Орталық Партия  Комитетінің бірінші хатшысы болған  Г.В.Колбин де, елімізде  шырғалаң тудырып,  аласапранға түсіргенімен, көңілге қонымды, есте қаларлықтай  ешбір мақсатты  істерді жүзеге асырып, өзін көрсете алмады. Егер халық мақалымен ишаралап келтірсек: «Шөлдің қамысы болмайды. Жаманның намысы болмайды» дегенге саяды. 

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі