23 ақп, 2022 сағат 18:15

Жеке тұлғаның банкроттығы: Жалғыз баспана кепілде тұрса, банк алып қоюы мүмкін


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жобасының негізгі ережелерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шарада Қаржы министрлігінің өкілдері мен сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жобасының талаптарын талқылады. 

Осы мақсатпен құрылған жұмыс тобы заң жобасының алғашқы нұсқасын ортаға салды. 

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов сол құжаттың негізгі ережелеріне тоқталды.

«Біріншісі – кепілде тұрған жалғыз баспана сот арқылы банкроттық рәсімдеу кезінде алып қоюға жатады. Сот процедурасы жүргізілуі үшін белгіленетін шекті мөлшері 1600 АЕК деңгейінде болады. Сондай-ақ, бірнеше шектеу бар. Олар: 5 жыл несие алуға тыйым салу, 3 шетелге шығуға тыйым салу. Ал банкроттықты қайталап рәсімдеу үшін арада 7 жыл өтуі керек», - деді комитет төрағасының орынбасары.