08 сәу, 2024 сағат 12:19

Жайықтың суы рекордтық деңгейге көтерілді — Орскте төтенше жағдай


Орск — Орынбор облысындағы 200 мыңға жуық халқы бар екінші үлкен қаланы Жайық өзенінің суы басты. Ресей билігінің айтуынша, су деңгейі бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге көтерілді. Бөгеттер судың қысымына төтеп бере алмай, жарылды. Су басқан қалада сиреналар естіліп, жаппай эвакуация жалғасуда, деп хабарлайды "BBC".

Ресейдің 39 аймағында 6,8 мыңнан астам тұрғын үй су астында қалды, деп хабарлады Ресей ТЖМ баспасөз қызметі.

"Су тасқыны 39 өңірге кері әсерін тигізуде. 6,8 мыңнан астам тұрғын үй су астында қалды", - делінген хабарламада.


Алайда Орынбор облысындағы жағдай аса күрделі.

Орынбордағы Жайық өзенінің деңгейі жексенбі күні кешке қарай 930 сантиметрге өсті, деп хабарлады қала әкімдігі телеграмда.

"Орынбор гидрометеорологиялық орталығының мәліметінше, 7 сәуір күні кешке Орынбор маңындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі 864 см-ге жетті, қауіпті деңгей – 930 см", - деп ескертеді қала әкімдігі.


Қазір Орынбор облысында жүрген Ресей Федерациясының ТЖМ басшысы Александр Куренков Орскідегі жағдайды «дағдарысты» деп атады.

"Жайық өзеніндегі қорғаныс құрылыстары қираған Орск қаласында күрделі жағдай қалыптасты. Нәтижесінде 4 518 тұрғын үй мен 4 587 үй учаскелері су астында қалды", - дейді Интерфакс.


Жексенбі күні кешке қала мэрі Василий Козупица телеграмда Орскіде Елшанка өзені өз арнасынан тасып жатқанын хабарлады. Министрдің мәліметінше, өңірде су басқан аудандардан 4 мыңнан астам адам, оның ішінде 885 бала эвакуацияланған. Су тасқыны салдарынан жергілікті мұнай өңдеу зауыты — "Орскнефтеоргсинтез" кәсіпорны жұмысын тоқтатты.

Медициналық көмекке 99 адам, оның ішінде 18 бала жүгінді, деп хабарлайды жергілікті билік.

Қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалды — құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және немқұрайлылық.

10 жылдан астам уақыт бұрын Орсктегі Жайықтың екі жағалауында өзеннен біршама қашықтықта үйінді бөгеттер салынды. Мұндай бөгеттер топырақ пен қиыршық тастан құйылады. Олар көктемгі су тасқыны кезінде судың тұрғын үйлерге жақындауына жол бермеді. Биыл су тасқынының қарқыны мықты болды. Сондықтан жоғары ағыс бойынша ГЭС-те Ириклин су қоймасынан су ағызуды ұлғайтуға тура келді. Бөгеттер судың рекордтық қысымына төтеп бере алмады. Жұма күні Жайықтың сол жағалауындағы бөгет жарылып, ескі қаланы су басу басталды.

Бір тәулік ішінде Орсктегі су алған аумақ бірнеше есеге кеңейді. Жексенбі күні таңертең тағы үш көшеде эвакуация жарияланды, ал су басқан шағын аудандарда электр қуаты мен газ өшіріле бастады.