30 қыр, 2021 сағат 17:48

Жайықтың бойындағы орман алқабын Ресеймен бірлесіп қалпына келтіреміз – министр


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында Жайықтың экожүйесін қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Жайық суының ортаю үрдісі және оның экожүйесіндегі ахуалдың нашарлауы елеулі алаңдаушылық туғызып отыр. Шекара маңы ынтымақтастығының 16-шы форумында берілген тапсырма бойынша біз Жайық пен Ертіс өзендерін экологиялық сауықтыру жөніндегі бағдарламаларға, сондай-ақ барлық трансшекаралық өзендерді бірлескен гидрологиялық тұрғыда зерттеу жөніндегі бірыңғай жол картасына қол қойдық», - деді Серікқали Беркешев. 

Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта қос тарап Жайық пен Ертістің гидрологиялық деректерін жинап, алмасқан.

«Қос ел сарапшылары өзен суының әр жылда әрқалай болатынын ескере отырып, бақылау тұстамаларына дейін судың келу уақытын есептеуге кірісіп кетті. Бірыңғай жол картасы Жайық өзенінің гидрологиялық режимін, оның ішінде су қоймаларының жұмыс режимі есебінен жақсарту бойынша жүйелі шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Күш біріктіру арқылы біз өзенге тасталатын төгінділердің көлемін азайтып, жағалау аймағындағы көне ластану ошақтарын жоюға, су түбін тереңдету жұмыстарына және өзен арнасын тазартуға, өзен қапталындағы ормандар мен уылдырық шашатын жерлерді қалпына келтіруге күш саламыз», - деді министр.