17-18 қыркүйек аралығында Павлодарда «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы өтті. «Bolashaq» Қауымдастығы бастама болған нетверкингке СҚО, Қостанай облысы, Павлодар облысынан 18-29 жас аралығындағы 200-ден астам белсенді жас қатысты.
«Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы бұған дейін еліміздің төрт аймағын қамтыды. Онда әр өңірден 1000-нан астам белсенді, көшбасшы азамат бас қосты.
Солтүстік өңірінде өткен шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, «Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, «United States/Kazakhstan Trade Council» директоры Дэвид М. Валера, «Global Procurement Company» директоры Олжас Сүлейменов, «Sandi Sultan TeleLab-SS Lab» лабораториясының негізін қалаушы, тележүргізуші Сәнді Сұлтан қатысып, сөз сөйледі.
«Нетворкингке солтүстік өңірінің ең белсенді жастары жиналып отыр. Олар осы шарадан өздеріне қажетті маңызды ақпараттар алып, келешекте өз еңбек жолында жүзеге асырады деген ойдамын», - дейді Асхат Оралов.
Екі күнге ұласқан нетворкинг аясында «ҮЕҰ + бизнес = жастарға арналған мүмкіндіктер», «Жастар саясатының өзекті трендтері», «Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру» сияқты түрлі тақырыптарда талқылаулар болды.
Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облысы жастары үшін арнайы мастер-класс, семинар, тренингтер ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі бағдар бойынша тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды пысықтап, оның тиімділігі мен ел экономикасына тигізер әсерін талқыға салды.
Шара соңында «Bolashaq» Қауымдастығы «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасына қатысқан белсенді жастарға сертификаттар табыстады.
Айта кетсек, «Bolashaq» Қауымдастығы аталған жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды. Сондай-ақ шара қорытындысы бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.