05 мау, 2021 сағат 12:23

Жасанды интеллект пілдерді қырылудан құтқарады


Африка пілдерін қырылудан аман сақтау үшін жасанды интеллект іске қосылады. Ұлыбритания және Нидерланды елдерінің зерттеушілер тобы жануарлар мен жайылымдарды іздеудің арнайы алгоритмін құрды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Euronews-ке сілтеме жасап.

Арнайы бағдарлама жергілікті жердің спутниктен түсірілген суреттерді талдап, пілдердің тіршілігі үшін ең қолайлы аумақтарды анықтайды. Бұдан басқа, ол жануарларды санауға көмектеседі. Үлкен аумақтардың суреттері қысқа уақыт аралығында жасалатындықтан, бұл жануарларды екі рет санау қаупін азайтады. Бұдан басқа, бұл технология адамдарды қауіптен аман сақтап, жануарларды көп мазаламауға мүмкіндік беріп отыр, деп баяндады алгоритмді құрушылар. 

Бата университетінің қызметкері Ольга Исупованың айтуынша, жаңа әдіс заңсыз аң аулауды қадағалауға көмектесуі тиіс. 

«Жануарлар есебі – табиғатты қорғау проблемалары, соның ішінде браконьерлікпен күрес жүргізудің әдістерінің маңызды құрамдасы. Қазіргі кезде біз браконьер оқиғаларын тіркеу үшін өлтірілген жануарлардың қалдықтарын анықтау сияқты қосымша мүмкіндіктерді зерттеп отырмыз, бірақ бұл жоба әлі бастапқы кезеңде тұр», - деді ол.