Өзбекстандағы екпе науқаны басталған кезден жарты миллион тұрғын COVID-19-ға қарсы вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, бүгінгі күні елде 510 329 азамат екпе алған.
Өңірлер арасында бұрынғыдай Ферғана облысы көш бастап келеді, онда 70 757 адам екпе алды. Одан кейін тізімде Наманган облысы – 50 910 адам, Самарқанд облысы – 49 202 адам, Қашқардария облысы – 42 699 адам.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда халықты вакциналау бірте-бірте жүзеге асуда: сәуір айында ірі қалалар тұрғындары вакцина алса, мамырда екпе алуды аудан орталықтары мен шағын қалалар тұрғындары жалғастырады, маусым айында ауыл тұрғындары вакциналанбақ. Вакциналау еуропалық AstraZeneca және қытайлық ZF-UZ-VAC2001 препараттарымен жүзеге асырылуда.